Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығына орай әдеби-сазды музыкалық кеш өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығына орай әдеби-сазды музыкалық кеш өтті

20.08.2018

Биыл Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл. Соған орай Астана қаласы тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Бостандық таңы атты, қазағым, көріңдер» атты әдеби-сазды музыкалық кеш ұйымдастырды. Кеште Шәкәрімнің балалық шағы, оның шығармашылыққа бет бұрған кезеңінен бастап, өмірінің соңғы күніне дейін суреттелген деректі фильм көрсетілді. Сондай-ақ, ойшыл ақынның өлеңдері оқылып, әндері орындалды. Кешті жүргізуші, әрі шәкәрімтанушы Ғарифолла Есім ақынның жазатынынан бөлек ерекше қасиеттерінің болғанын айтады. Ұлы тұлға тамақ әзірлеудің, киім тігудің шебері болған. Тіпті, аңға шыққандағы мергендігі, небір аңшыны жолда қалдырады екен. Шығарған әндері мен оны өзінің орындауы тіптен бөлек.

Алмахан Мұхаметқалиқызы, «Абайтану» орталығының директоры:

- Шәкәрім әндерін орындайтындар да сирек екен. Біз осы шараны ұйымдастыру барысында соған көзіміз жетті. Шәкәрімнің әндері философиялық, классикалық әндер болғаннан кейін екінің бірі орындай бермейді.

Нұрбек Қабыкенұлы, Шәкәрімнің ұрпағы:

- Ахат ата Шәкәрімнің ұлы біздің үйге жиі келетін. Ол кезде біз мектепте оқитын кішкентай баламыз. Келген сайын Шәкәрім атамыздың әндерін домбырамен орындайтын. Ол сендердің аталарың, ұмытпаңдар деп отыратын. Сондай-ақ, өзінің әндерін де орындайтын. Атам әкеме Шәкәрім атамыздың портретін сыйлаған. Ол біздің үйде үнемі ілулі тұрады.

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу