Бүгін Премьер-министр металлургтерге Президент атынан мемлекеттік наградалар табыс етті. Олжас Бектенов металлургия саласын дамыту Үкімет басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Өндірісті жаңғырту, жаңа кен орындарын игеру және заманауи технологияларды енгізу жұмыстары жалғаса береді. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында тау-кен металлургия кешенінің еңбеккерлеріне, оның ішінде металлургтерге ерекше көңіл бөлінеді. Биыл Мемлекет басшысы алғаш рет екі жаңа мемлекеттік награда – «Қазақстанның еңбек сіңірген кеншісі» және «Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері» құрметті атақтарын тағайындады.
Болат Айдаболов, Жезқазған мыс балқыту зауытының балқытушысы:
Күллі металлургтер қауымы үшін ерекше күн. Бұл орденмен марапатталуым – Мемлекет басшысының біздің ортақ еңбегімізге берген жоғары бағасы. Металлургия саласы – ел экономикасының негізі. Сондықтан біз әрқашан адал еңбек етуге дайынбыз.
Биыл тау-кен металлургия өнеркәсібінің 600-ге жуық жұмысшысының еңбегі еленді. Олар – бүкіл ел бойынша өндіріс озаттары мен еңбек ардагерлері. Металлургтерге мемлекеттік наградалар бірнеше өңірде табысталды. Тау-кен металлургия кешенінде 110 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олардың күнделікті жұмысы машина жасау, құрылыс, мұнай-газ және энергетика саласының дамуына серпін береді.
Дархан Әбдіуахит
