Елордадағы ең ірі сауда үйі өртеніп, 300-ге жуық кәсіпкер шығынға батты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордадағы ең ірі сауда үйі өртеніп, 300-ге жуық кәсіпкер шығынға батты

18.07.2025

Елордадағы ең ірі сауда үйі өртке оранды. Байқоңыр ауданы Алаш тасжолының бойында орналасқан Big Шанхай базарындағы қызыл жалын түнгі 3-те басталған. Төтенше жағдай қызметкерлерінің айтуынша, ғимарат ішінде тез тұтанатын материал - киім-кешек, пластик, резеңке өнімдері өте көп болған. Соның салдарынан от лезде тарап, алапат өрт үш қабатты ғимаратты аз уақытта түгел шарпыды.

30 мың шаршы метрден астам аумақтың тек күлі қалды. Шатыры да опырылып кеткен. Қазір де шоғынан шыққан түтін тыншымай тұр. Отты ауыздықтауға келген өрт сөндірушілерден 3 қызметкер зардап шегіп, бірі - ауыр хәлде ауруханаға жеткізілді. Абырой болғанда, ажал құшқандар жоқ. Десе де, 300-ге жуық кәсіпкер нәпақасынан айырылып, сан соғып қалды. Миллиондаған қаражат ауаға ұшты. Шығынға батқан азаматтарға көмектесу жолдары қарастырылып жатыр.

Динара Жарқынбек

Хабарламаларға жазылу