Шардара жағажайындағы бейберекетсіздік көпшіліктің наразылығын тудырып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шардара жағажайындағы бейберекетсіздік көпшіліктің наразылығын тудырып отыр

16.07.2025

Түркістан облысындағы Шардара жағажайына жыл сайын он мыңдаған адам демалуға келеді. Десе де демалушылар үшін жағдай жасалмаған дейді көпшілік. Жағалауды жалға алған кәсіпкерлер санитарлық талаптарды сақтауға құлықсыз деп шағымданады тұрғындар. Алайда кәсіпкерлердің өз уәжі бар.

Шардараның жағасында биыл да демалушылар көп. Аптап ыстықта сая іздеген жұрт осы төңірекке ағылады. Алайда жағажайдағы бейберекетсіздік көпшіліктің наразылығын тудырып отыр. Демалушылардың сөзінше, мұнда тазалықтан бөлек қоғамдық тәртіп те сақталмайды.

Замира Тағаева, Шардара қаласының тұрғыны:

Небір адамдар бар, мынау судың жағасында ұят болсада айтайын. Талай видеосы тұр менде. 102 шақырып, штраф төлеткізгенмін.

Жағажайдағы ахуалды жергілікті билік өкілдері де жоққа шығармайды. Шомылу маусымы басталғалы жауапкершілікке тартылғандар көп, бірақ заң бұзу тыйылар емес дейді олар.

Еркебұлан Қаратұнов, Шардара ауданы әкімінің орынбасары:

Күнделікті рейд барысында анықталған құқықбұзушылықтарға байланысты хаттамалар толтырылып жатыр. Осы шомылу маусымында 100-ге жуық хаттама толтырылған. Мына жерде енді қоқыс тастайды.

Демалыс орнындағы жағдайды осы аптада облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың өзі көзімен көрді. Жағажайды жалға алған кәсіпкерлермен кездесті.

Ақтоты Серікбаева, кәсіпкер:

Киім ауыстыратын орын тұр. Туалеті де тұр. Барлығын істеп жатырмыз. Қолымыздан келгенін барлығын істеп жатырмыз. Күнде тазалап, 25 мың теңге төлейміз, тек қоқысты алып кететіндерге. Оларға да оңай емес күннің ыстығында қоқыс теріп жүру.

Нұралхан Көшеров, облыс әкімі:

Не проблема?! Жағажай қанша метрде? Соны реттеп, таза ұстауға, сол жерге дұрыстап киім ауыстыратын жер, жуынатын жерді дұрыстап істеп қоюға не кедергі? Жауапкершілікпен қараңыздар.

Әкім ескертуінен кейін жағажайда қоқыс жәшіктері мен киім ауыстыратын орындар көбейді. Бұл аумақта төбе көрсетпейтін төтенше жағдай қызметкерлері мен полиция арнайы көлікпен шығып, тұрғындардың қауіпсіздігін бақылауға алған.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу