Алматыда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары анықталды. Үздік атанған 8 әулетке сый-сыяпат пен ақшалай сыйақылар табысталды. Ел аумағында өтетін бұл байқау қоғам назарын отбасы құндылықтарын сақтауға шақырып, өнегелі істерді дәріптейтін бірегей жобалардың біріне айналды.
Қуанышы қойнына сыймай, шаттанған шаңырақ - «Мерейлі отбасы» атанып, республикалық кезеңге жолдама алған Дүйсебаевтар әулеті. Отанасы Ұлбосын мен отағасы Әбдікамал қария 8 қыз, бір ұл өсіріп, тәрбиелеген. Ұрпақтар сабақтастығын үзбей, ұстаздықты серік еткен текті әулеттің бүгінде 25 немере, 9 шөбересі бар. Ақ жаулықты әже өнегелі отбасы болудың басты құпиясын бөлісті.
Ұлбосын Дүйсебаева, зейнеткер, «Мерейлі отбасы-2025» байқауының жеңімпазы:
Ауызбіршілікте болып, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсету керек. Еңбексүйгіш болу қажет. Баланың бойына ізгі қасиет, адамгершілік ата-ана қанымен келеді деп ойлаймын.
Биыл Алматы қаласы бойынша 250 шаңырақ ұлттық байқауға қатысуға ниет білдірген. Алдымен аудандық комиссияның қарауынан өтіп, қалалық кезеңге 8 әулет жолдама алды. Дүйсебаевтар отбасынан бөлек, ауданаралық кезеңде мерейі үстем болған өзге жанұяларға да бүгін сыя-сыяпат табысталды.
Айдар Есенбеков, қалалық Қоғамдық даму басқармасының басшысы:
Конкурсқа қызығушылық зор және бұл өте жақсы дәстүр болып келе жатыр. Осы арқылы біз қоғамда дәстүрлі, өнегелі отбасының бейнесін қалыптастырып, елге насихаттасақ деген мақсатымыз бар. Қатысқан отбасылардың бәрі лайықты, өзінің ерекшелігі бар отбасылар.
Өсіп-өнген ұрпағына терең білім мен тамаша тәлім-тәрбие берген жанұяларды дәріптеу мақсатында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын өткізу дәстүрге айналған. Енді Дүйсебаевтар әулеті Алматының абыройын арқалап, қыркүйекте Астанадағы басты байқауда бақ сынайды.
Жазира Оразқызы
