Қазақ даласынан тағы «Алтын адам» табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ даласынан тағы «Алтын адам» табылды

07.08.2018

Мәйіт 8-ші ғасырда жерленген және көшпенділер әдісімен мумияланған. Соған қарап, археологтар оны сақ дәуірінің сардарына санап отыр. Сонымен екінші ескерткіш Тарбағатай ауданының Елеке сазы жайлауынан қазылып алынды. Қазір Өскемендегі облыстық өлкетану мұражайында зерттелу үстінде. 

«Бұл жәдігердің жөні бөлек», - дейді мамандар. Алғашқы «Алтын адам» жарты ғасыр бұрын анықталса, бұл жолғысының артықшылығы – тоналмай толық күйінде бізге жеткен. Яғни, дене сүйектері түгел және алтынмен апталған киімі сол күйі жатыр. Ал, Есік қаласында жерленген адамның бас сүйегі әлі табылмай келеді. Сонымен сақ сардары сүйегінің 2800 жылдан бері сақталуының сыры неде?

Егор Китов, тарих ғылымдарының кандидаты:

- Антропологтар азаматтың жасын 17-18 шамасына жатқызыпты. Мәйіттің жіліктері бірнеше жерден тесілген. Ал, бастың жақ сүйегінің қасында түтікше тәріздес нәрсе бар. Демек, мәйітті бальзамдау үшін жілік майын алып тастайды екен. Тесіктер сол мумиялау кезінен қалған болып шықты.

Мәйіт сол дәуірдегі көптің бірі емес. Таза алтыннан құйылған алқасы ауқатты адам болғанын аңғартады. Киімі де бағалы әшекей бұйымдармен көмкерілген. «Ал, қорамса асынып, қанжар ілгеніне қарап, оны батыр немесе басқа деу егжей-тегжейлі зерттеуден кейін белгілі болмақ», -дейді мамандар. Сондай-ақ, сауыт-саймандағы бұғылар бейнесі де сол кездің өнері мен мәдениетінен сыр шертеді.

Зайнолла Самашев, археолог:

- Енді бізді үлкен жұмыс күтіп тұр. ДНК-ға басқа да археологиялық ғылыми зерттеулер жүргіземіз. Жігіттің қалай қайтыс болғанын анықтауға тырысамыз. Сосын мәйіт жанынан табылған алтын, қола, темір бұйымдардың жасалу технологиясына үңілеміз. Сөйтіп, өмір сүру салты мен өзге де мәліметтерге көз жеткізуге болады. Айта кету керек, Елеке сазы жайлауынан екі қабір қазылды. Біреуін су шайып кеткен. Апаттық жағдайда. Ал, екіншісі міне, «Алтын адам». Соның қасында тағы бір қорым болды. Бірақ, ол тоналған.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

- Өткен заманның VIII ғасырында қандай тамаша жұмыстар жасалғанын қараңыздар. Біз осындай алтын адамдар арқылы ата-бабаларымыздың өркениетімен мақтанатын боламыз. Бұл жерде тек өнер ғана емес, үлкен индустриялық жұмыстар жүргенін аңғару қиын емес.

Бұл Елеке сазынан аршылып алынған әзірге алғашқы жәдігер. Алайда, мамандар «Алтын адам» әлі де табылып қалуы бек мүмкін», - дейді. Себебі, Тарбағатай қойнауындағы қазына сол күйі сақталса, талай археологиялық жаңалық ашыларына сенімді.

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу