Алматы облысында қабаған иттер талаған баланы құтқарып қалған азамат марапатталды. Қарасай ауданы әкімдігінің ғимаратында өткен салтанатты жиында Серікбек Сақайбековке аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды. Жеткіншекке араша түскен азаматқа аудандық Полиция бөлімінің және Төтенше жағдайлар басқармасының басшылары да құрмет көрсетіп, көзсіз ерлігіне алғыс айтты. Шарада ауданның ақсақалдар кеңесінің төрағасы мен белсенді еріктілер сөз алып, Жалпақсай ауылы тұрғынының әрекеті көпке үлгі екенін жеткізді. Серікбек Сақайбековке естелік сыйлықтармен қатар, демеушілер атынан 200 мың теңге сыйақы табысталды.
Еске салайық, 30 маусым күні Жалпақсай ауылында баланы үш ит талап тастаған. 10 жастағы жасөспірімді сол маңнан өтіп бара жатқан ауыл тұрғыны Серікбек Сақайбеков құтқарып қалған еді. Облыстық ауруханаға жеткізілген баланың жағдайы қазір жақсы, өз-өзіне келді, - дейді дәрігерлер. Жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылған.
Серікбек Сақайбеков, Қарасай ауданының тұрғыны:
Мен ойлаймын мұндай оқиғаны көргенде кез келген азамат осындай іске барады деп ойлаймын. Шырылдап жатқан баланы кез келген адам құтқаруға тырысады. Сол кезде менің ойымда ол баланы иттің аузынан құтқарып алудан басқа ой болмады. Ол иттер оңайшылықпен берілмес еді.
Қуан Нұрақын
