Түркістан облысының Қазығұрт ауданында жанармай құю станциясында жарылыс болып, үш адам зардап шекті. 29 жастағы көлік жүргізушісінің жағдайы ауыр. Жалынның қатты болғаны соншалық көршілес тұрған тұрғын үй өртеніп, бірқатар сауда нысандары жанып кетті. Ауыл отқа оранады ма деп алаңдаған жұрт жабылып жүріп, жалынды ауыздықтаған.
Тұрбат ауылының орталығындағы бензин құятын станция кеше түс ауа өртке оранды. Цистернасы лық толы жүк көлігі жанармайды құйып жатқанда жалын тұтанып, бекеттің күлі көкке ұшқан.
Қабылқожа Акбаров, куәгер:
Бөшке жарылды. Бөшкеден кейін камаз бензинімен жанып кетті. Үш рет жарылыс болды. Автоцистернаның жұргізушісі жанып кетті. Оны өзіміз ауданға апардық.
Өрттің жылдам тарағаны соншалық әп-сәтте бірнеше сауда орны отқа оранды. Тұрғындар дүкендегі заттарды сыртқа шығаруға көмектесіп, өрт сөндірушілер жеткенше көліктерімен су тасып жалынды ауыздықтауға жұмылған. Алайда жанармай станциясымен жапсарлас тұрған үй түгі қалмай өртеніп кетті.
Абырой болғанда сол сәтте үйде ешкім болмаған. Үй иесінің сөзінше, жанармай бекетінің бензин сақтайтын қоймасы тура үйдің түбінде орналасқан екен.
Болатбек Мұсабеков, үй иесінің туысы:
Үй толықтай жанып кетті. Тек майда-шүйде нәрсені ғана шығардық. Үлкен нәрсенің бәрі жарамсыз қалды. Шығынды кім өтейтінін білмейміз. Әзірге арыз беріп қойдық. Шығынды өтеп берсін деген талап қойдық. Білмеймін енді кім көмектесетінін.
Қазығұрттан екі техника мен мамандар келгенімен өрт дес бермеген. Қосымша Шымкент пен Сарыағаштан, Төлеби ауданынан 7 техника мен 40-қа тарта қызметкер келген. 855 шаршы метр аумақ күлге айналған. Тұрғындарының сөзінше, ауылдың қақ ортасындағы шағын май құю бекеті кемі 20 жылдан бері жұмыс істеп тұрған. Оны Төтенше жағдай қызметінің өкілдері жылдар бойы тексермегенін мойындады.
Мейіржан Салыбаев, Қазығұрт аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы:
Мораторий болуына байланысты бұл ғимарат тексерілген жоқ. 2019 жылы соңғы рет тексерілген. Қазіргі уақытта жаңа тексеру саясатына байланысты бұл жерде өрт болмаса, егер біреу арызданып келмесе, тексеруге кіре алмаймыз.
Аудандық ауруханаға күйік шалған жүргізушіден бөлек екі тұрғын жеткізілген. Олар өрт сөндіріп жүрген кезде жарақат алған. Ал жүргізушіні аман алып қалу үшін дәрігерлер барын салып жатыр.
Дәулет Түгелбаев, Қазығұрт аудандық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары:
Үшінші-төртінші дәрежелі күйік. Денесінің 90 пайызына дейін күйік шалған. Травматикалық шокпен жатқызылды. Облыстан мамандар келіп, консультацияларын беріп кетті. Қазіргі таңда науқастың жағдайы өте ауыр.
Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Шығын есептеліп жатыр. Жанармай бекетінің ауыл ішіне неге салынғанын құзырлы органдар тексермек.
Айнұр Әбілқасымқызы
