Кентау экологиялық апат аймағы болып танылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кентау экологиялық апат аймағы болып танылды

05.07.2025

Түркістан облысындағы Кентау қаласы шілде айынан экологиялық апат аймағы болып танылды. Еліміздің Экология және табиғи ресурстар министрлігінің арнайы бұйрығы шықты. Кеншілер шаһарының өнеркәсіптік аймағында қауіп тудыратындай қандай экологиялық ахуал қалыптасты? Мәселе қалай шешіледі?

Бұл – Кентау қаласының солтүстігінде іргелес жатқан өнеркәсіптік аймақ. Аумағы 900 гектар. Кеңес заманында мұнда тау-кен өндірісі қарқынды дамып, кенбайыту комбинаттары жұмыс істеген. Алайда тоқырау жылдары қаржы тапшылығына байланысты кәсіпорындар біртіндеп жұмысын тоқтатты. Жерасты суы көтеріліп, шахталар суға толды. Кей жерлер опырылып түсе бастады. Осылайша бұрынғы өнеркәсіптік аймақта күрделі экологиялық ахуал қалыптасты. Бүгінде қала тұрғындары бұл жер расында қауіпті екенін айтады.

Фурхад Қауынбаев, Кентау қаласының тұрғыны:

Адамдар малын жайып жүр. Ол қауіпті саналады. Сол үшін бұл жерді қоршап, қауіпсіздендіру керек. Жас балаларға келуге, бұл жерде жүруге болмайды.

Биыл Экология және табиғи ресурстар министрлігі бұл маңды 2075 жылға дейін «төтенше экологиялық жағдай аймағы» деп жариялады. Жергілікті билікке бірқатар шаралар енгізуді тапсырды. Атап айтқанда, қауіпті деп танылған 900 гектар жерде жаңа кәсіпорындар салуға және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтуге тыйым салу жүктелді.

Нұрбол Көкенов, Кентау қаласы әкімінің орынбасары:

Ол жерде, атап айтсақ, оннан астам өндірісті мекемелер, су сорғы станциялары бар. Аталған аумақта тұрғын үйлер жоқ. Сол жерде жаңадан жер беріп, яғни құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады. Ол жердегі бар ғимараттарды кеңейтуге мүмкіндік жоқ. Сонымен қатар машиналардың кіріп-шығуын, адамдардың жүруін шектеу бойынша біршама тапсырмалар берілген.

Кеншілер қаласы шілде айынан бастап көршілес аудан-қалалар сияқты экологиялық апатты аймаққа кірді. Жуырда Мемлекет басшысы осы заңға қол қойып, қаланың мәртебесін айқындап берді. Енді Кентау қаласы мен оған қарасты ауыл тұрғындары мемлекет тарапынан берілетін қолдаулар мен жеңілдіктерге ие болады. Жалақыларына да қосымша 20 пайыз үстеме ақы қосылады.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу