Ернар Садырбаев продюсерімен бірге баспасөз мәслихатын өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ернар Садырбаев продюсерімен бірге баспасөз мәслихатын өткізді

19.07.2018

«Славян базары» халықаралық фестивалінде жүлделі бірінші орын алған «Әміре» - Ернар Садырбаев елге келді. Жас әнші ән мектебін ашып, бейнебаян түсіріп, өнер жолын әрі қарай да жалғастырмақ. Шетелде қазақ елінің мерейін асқақтатқан «Әміре» продюсерімен бірге баспасөз мәслихатын өткізіп, Беларусь елінде өткен байқаудың әсерімен бөлісті.

Сағат тілі түнгі 3-ті соқса да, «Әміре» әншіні өнерсүйер қауым сергек қарсы алды. Бас жүлдеге бергісіз жүлделі орын алған ұлды жеңімпаз санайды. Ернар байқаудың үш күнінде де бірінші орында тұрды. Румыниялық әншімен ұпайы тең түсті. Алайда, бас жүлде бұйырмады. Дегенмен, әншінің жігері жасымапты.

Ернар Садырбаев, әнші, «Славян базары» халықаралық фестивалінің жүлдегері:

- Әуежайдан түскенде, әрине, ерекше сезімде болдым. Профессионалдық тұрғыда ән айтып жүргеніме биыл 11 жыл болды. 12 жасымнан ән айта бастадым. Өнерге баулыған ұстаздарыма, қолдау көрсеткен Қазақ еліне үлкен алғысымды білдіргім келеді.

Ол алғашқы күннен-ақ 21 өнерпаздың ішінен суырылып алға шықты. Әйгілі «Құстар әні», «Подберу музыку», «Я сплю на розах» атты әндерді шырқады. Қазылар алғасы репертуардың өте сауатты таңдалғанын атап өткен. Қазақ елінің мерейін асырған ұл фестивальдің жабылу салтанатында көк Туды сахнаға алып шығып, талантты әнші ғана емес, елжанды азамат екенін де танытты.

Келешекте жас дарын ән мектебін, продюсерлік орталық ашып, өнер жолын жалғастырады. Ресейлік телеарнаның жаңа шоуына қатысуы мүмкін. 23 жастағы «Әміре» әлемге танымал әнші болғысы келеді. Оған продюсері де бек сенімді.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.   

 

Хабарламаларға жазылу