Қарағанды облысында қайтарылған активтер есебінен 51 денсаулық сақтау мекемесі салынып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында қайтарылған активтер есебінен 51 денсаулық сақтау мекемесі салынып жатыр

01.07.2025

Қарағанды облысында қайтарылған активтер есебінен 51 денсаулық сақтау мекемесі салынып жатыр. Оған 5 млрд 900 млн теңге бөлінді. Нысандар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. Шет, Ақтоғай, Абай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра және Осакаров аудандарында жаңа дәрігерлік амбулаториялар, сондай-ақ фельдшер-акушерлік, медициналық пункттер салынады. Бұл шалғайдағы елді мекендердің тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттырады. Медициналық мекемелерде ерте диагностика, сондай-ақ төтенше жағдайларда алғашқы көмек көрсетіледі.

 Күлтай Ермекбаева, ауыл тұрғыны:

Бұрын бізге өте қиын болды. Бұрын Ботақараға барамыз, айналып барып жүрдік. Енді қазір жақсы болды. Өзіміздің ауылымызда ашылып, жақсы жерге салынып жатыр. Өте әдемі. Енді жақсы мамандар тартылса, балаларға да, өзімізге де жақсы болар еді.

 Меруерт Ыдырысова, ауыл тұрғыны:

Біздің мейірбикеміз үйді-үйге жүріп, балаларды қарап, қыс демей, жаз демей, келіп отыратын. Ал енді жақсы болды,  балаларға да, үлкен кісілерге де қолайлы. Мен салып жатқаннан бастап қарап,  келіп жүрдім. Маған өте ұнады. Әйелдерге де, балаларға да барлық кабинет ашып жатыр екен. 

Ақниет Балтанова


Хабарламаларға жазылу