Өзбекстанда зейнет жасын ұзарту жайлы мәселе көтеріліп жатыр. Қазір ер адамдар 60, әйелдер 55 жаста зейнетке шығады. Бұл – ТМД мемлекеттері арасындағы ең төменгі жас мөлшері. Ал сарапшылар салаға толықтай реформа қажет дейді.
Зейнет жасын ұлғайту керек пе, жоқ па деген сұрақтың күн тәртібіне шығуына себеп көп. Мемлекеттік бюджетке түсетін салмақ жыл сайын артып барады. Демографиялық өсім тағы бар. Елде бала туу көрсеткіші жоғары. Еңкейген қарт пен еңбектеген баланың және жұмысқа жарамдылардың үлес салмағындағы тепе-теңдік аса маңызды.
Равшан Назаров, әлеуметтік сарапшы:
Менің ойымша, бұл мәселеде екі тараптың бірінің ғана мүддесі ескеріліп, бұра тарту болмауы керек. Ең тиімдісі – зейнеткерлік жасты кезең-кезеңімен көтеру орынды болар деп пайымдаймын. Бірақ бірінші кезекте тиісті тұжырымдама бекітілуі керек.
Өзбекстан тәуелсіздік алғалы зейнетақы жүйесінде айтарлықтай өзгеріс болмаған. Жұмыс істейтіндердің салығы есебінен зейнеткерлерге ақы төленеді. «Қазіргі зейнетақы жүйесі нарықтық экономикаға сай келмейді», – деген мамандар жаңашылдық енгізетін кез келді деп есептейді. Мұнан бөлек, нағыз еңбек адамының әлеуетін пайдалану артық болмайды деген пікірді ұстанатындар да бар.
Барно Батырова, Ташкент қаласының тұрғыны:
55 жас – көптеген замандастарымның кәсіби тұрғыда кемеліне келетін шағы. Балалары өсіп, өз арбасын сүйрейтін жасқа жетеді. Міне, осы кез – әйелдің нағыз жұмыс істейтін уақыты деп ойлаймын. Тәжірибелі маманға қай салада да сұраныс бар. Зейнет жасын ұлғайтуды өз басым құптаймын.
Сарапшылар: «Зейнет жасын ұлғайту – мәселенің шешімі емес, жүйеге толыққанды реформа қажет», – дейді. Үлгі ретінде көрші елдердің тәжірибесін пайдалануды ұсынатындар да бар.
Орталық Азия елдеріндегі зейнет жасы:
– Қазақстан: ерлер – 63, әйелдер – 61 жас.
– Қырғызстан: ерлер – 63, әйелдер – 60,5 жас.
– Тәжікстан: ерлер – 63, әйелдер – 58 жас.
– Түрікменстан: ерлер – 62, әйелдер – 57 жас.
Өзбекстанда ең төменгі зейнетақы – 745 мың сум (шамамен 30 мың теңге), ал ең жоғарғысы – 3 миллион сум (120 мың теңге). Былтыр зейнетақы реформасы тұжырымдамасын әзірлеу бойынша жұмыс тобы құрылған. Алайда бұл тақырып ресми түрде әлі талқыға түскен жоқ. Тек ұсыныс ретінде айтылып қалып жүр. Яғни, мәселе әлі де басы ашық күйінде.
Базаркүл Отыншиева, тілші:
Халқының саны 38 миллионға жуықтайтын Өзбекстанда 3 миллионнан астам зейнеткер бар. Бұл – жалпы тұрғындардың шамамен 9%-ы. Еңбек демалысындағы қариялар қатары жыл санап арта бермек. Ал бюджеттің қауқары белгілі. Жүйеде тұрақтылықты сақтау, экономикалық тәуекелдерге дайын болу үшін ел билігіне зейнеткерлік жасты қайта қараудан басқа жол қалмайтын секілді.
Базаркүл Отыншиева
