Елімізде ешқандай қылмыс тіркелмеген ең тәртіпті ауыл жайлы естіп пе едіңіз? Жамбыл облысындағы Балуан Шолақ ауылында соңғы 2,5 жылда бірде-бір құқықбұзушылық дерегі тіркелмеген екен. Өйткені өсіп-өнген ауылдың өрендері үлкендерден үлгі алады. Ал аға буынның айтқаны жастар үшін бұлжымас заң бабындай. Тіпті жуырда жастарға жақсы үлгі болған қариялар қауымын ел Президенті арнайы құттықтады.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Бұл - Балуан Шолақ ауылы. Шалғайдағы Шу ауданы орталығынан 30 шақырым жерде орналасқан. Құқықтық мемлекет қалыптастыру ісіне үлкен үлесін қосып отырған алыстағы ауыл осы. Ендеше екі жылда ешқандай қылмыс тіркелмеген тәртіпті ауылдың тұрғындарымен тілдесіп, тыныс-тіршілігімен танысайық.
Ауылға аттап басқалы кішілік қасиет, кісілік мінез қонған жандарға ұшырастық. Қарияларын құрметтейін өрендерін көріп өсіп-өнген ауылдың өзгеше мәдениетін сезіндік.
Иә, ауыл балалары аға буынға қолғабыс жасап, қол ұшын созуға асығып тұрады. Ал үлкендері кішілерін мақтап мәз-мейрам. Өйткені ауылды жаңартып, жаңғыртып жатқан да жастар екен. Ауылдан түлеген азаматтардың салған сәулетті нысандарын көріп өзіңізді қалада жүргендей сезінесіз.
Ерхан Майлыбаев, ауыл тұрғыны:
Жасаймын деген жақсылықтары біздің ауылымыздан-ақ көрініп тұр. Осындай азаматтары, жігіттері бар елде тұрғанымызға мақтан тұтамыз.
Иә, мұның барлығы буын алмасу кезеңдерінің сәтті сабақталғанын білдіреді. Яғни, тереңнен тамыр тартқан тәрбие бар жерде қылмыстың болмауы заңдылық. Ауылда ақылман ақсақалдардан тұратын қариялар институты қалыптасқан. 8 адамнан тұратын топтың жастармен бітеқайнасып жұмыс істеуі жуырда Президент назарын аудартты. Мемлекет басшысы ауыл ақсақалдарына алғыс жариялады.
Есенкелді Текебаев, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Тәртіпті ауыл болсақ, біз алда жүреміз. Елдің алды боламыз. Міне, соның нәтижесінде Астанаға барып, Президенттің қолынан алғыс хат алдым. Бұл жүргізген жұмысымыздың нәтижесі деп ойлаймын.
Ал аудан бойынша 35 ауыл бар. Барлығында ұсақ қылмыс пен ұрлық дерегі соңғы 5 жылда күрт кеміген. Аудан атқамінерлері бұл зиялы қауымның зияткер орта қалыптастыруының жемісі дейді.
Бақытжан Жәнібеков, Шу ауданының әкімі:
Ақсақалдарымыз, алдыңғы, орта буын азаматтардың барлығы спортқа, мәдениетке көзқарасы өте оңды болғаннан кейін жастар да, балалар соған ілеседі. Бұл өте керемет.
Енді аудан әкімдігі ауылды «Үздік ауыл» конкурсына қатыстырмақ. Ал алдағы жылдары Белбасар, Жаңа жол және Бірлік Үстем ауылдары да қылмыс тіркелмеген елді мекендер қатарына қосылуға ниетті.
Данияр Әлімқұл
