Парламент Үкіметтің былтырғы бюджет есебін бекітті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Парламент Үкіметтің былтырғы бюджет есебін бекітті

27.06.2025

Бюджет тапшылығын екі есеге қысқартамыз. Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысқан Үкімет басшысы осылай деді. Олжас Бектеновтің сөзінше, жаңа Салық кодексінің арқасында ел қазынасына қосымша қаражат түседі. Жиында былтырғы бюджеттің игерілуі туралы да есеп берілді. Бұған дейін төменгі һәм жоғарғы палаталарда талданған мәселенің тағы бір рет талқыға түсуіне не себеп? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатады.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Бұған дейін Мәжілісте де, Сенатта да әбден талданып барып, талқыланған республикалық бюджет бүгін де отырысқа арқау болды. Өйткені былтыр мемлекеттік қазынаның шығыс бөлігі бір жылдың ішінде 13 рет, кіріс бөлігі 3 рет өзгертілген. Мұны бұған дейін Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев антирекордқа балап, бюжетті жоспарлау ісіне тәуелсіз сарапшылар мен қоғамдық кеңестерді тарту қажеттігін айтқан еді.

Осыған дейін бюджет түсімдері 98 пайызға орындалып, шамамен 20 трлн теңгеге жеткені, ал шығыстар – 23,6 трлн теңге болғаны айтылған еді. Яғни республикалық бюджет тапшылығы 3,6 трлн теңге. Бұл жалпы ішкі өнімнің 2,7 пайызына парапар. Былтырғы бюджеттің 372 млрд теңгесі негізсіз жұмсалған деген де ақпар айтылды. Бірақ депутаттар негізсіз жұмсалды деген – жымқырды яки заңсыз қолданылды дегенді аңғартпайды, - дейді.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Үкімет өздерінің корректировкасында біз мына жерге ФАБ салмаймыз, оның орнына мына ауылға жол жүргіземіз дейді. Біздің түсінігімізде ол негізсіз. Өйткені біздің алдымызға келіп қорғағанда біз халыққа ФАБ салады деп уәде бердік. Бірақ Үкімет жол салатын болды. Негізгі бағыты өзгеріп кетті. Содан біз негізсіз деп айтамыз.

Кем-кетігіне қарамастан Парламенттің қос палатасы Үкімет ұсынған 2024 жылғы бюджеттің есебін бекітті. Сенаторлардың 48-і қолдаса, екеуі қарсы болды. Ал Мәжіліс депутаттарының 69-ы қолдады, 20-сы қарсы болды. Екеуі қалыс қалды. Жалпы, былтыр республикалық бюджеттен су тасқынының салдарымен күресуге, жылу көздері мен жылу желілерін жаңғыртуға, ауылдардағы денсаулық сақтау саласын жақсартуға, қомақты қаражат бөлінді. Әлеуметтік төлемдер мөлшері өсті.

Әсем Рахметова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Жан-жақты талқыланды. Ең бастысы ашықтық бар. Қай жерде бюджет тиімді орындалған. Өздеріңіз көрдіңіздер мына шегеру, мемлекеттік тапсырыстардың уақтылы орындалмауы, мемлекеттік конкурстың ұзақ созылуы соның нәтижесінде көптеген жобалар бір емес, екі емес бірнеше есе өсіп кеткен жағдайлар кездесіп отыр.

Премьер-министр: Бюджет тапшылығын 2 есе қысқартамыз

Премьер-министр бюджет тапшылығын алдағы 3 жылда екі есеге қысқартамыз деді. Оған жаңа салық кодексі арқау болады.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Жаңа Салық кодексінің арқасында келесі жылдан бастап республикалық бюджетке шамамен 3 трлн теңгеден астам қосымша ақша түседі. Бұл қаражат тек даму мақсаттарына бағытталады. Яғни инфрақұрылымдық нысандарды іске қосу, электр қуаты көздерін, автомобиль және теміржол желісін дамыту, инженерлік желілерді жаңғырту сияқты өте маңызды салаларға жолданады.

Сондай-ақ түрлі салаға инвестиция тарту көзделген. Нәтижесінде салық базасы кеңейіп, республикалық бюджеттің түсімдері ұлғаяды. Үкімет басшысы алдағы 3 жылға арналған республикалық бюджет жобасын дайындалып жатқанын жеткізді.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу