Қазақстан мен Чувашия арасындағы сауда айналым 30 есе өскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Чувашия арасындағы сауда айналым 30 есе өскен

24.06.2025

Соңғы жылда Қазақстан мен Чувашия республикасы арасындағы сауда айналым 30 есе өскен. Екі тарап барлық салада ынтымақты одан әрі күшейте түспек. Әсіресе бірлескен кәсіпорындардың санын арттыру көзделуде.

Чувашия Қазақстанмен мал шаруашылығы және ет өндіру саласында ынтымақты арттырмақ. Бүгінгі күні республикада сиыр еті жетпейді, сондықтан Қазақстаннан тұрақты түрде ет сатып алып отыр.

Альберт Сергеев, кәсіпорын басшысы:

Ауыл шаруашылығы техникаларымен алмасу, бірлесе шығару сияқты жұмыстар қолға алынды. Біз Қазақстанның тракторларын қолданамыз. Үнемі Астанада өтетін көрмелерге қатысып, ортақ жобаларды да бастадық.

Чувашия кәсіпорындары Қазақстанмен жылу электр станцияларын автоматтандыру, химия және жеңіл өнеркәсіп өнімдері саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі. Өңірдің бірқатар электротехникалық кәсіпорындарының елімізде өз өкілдіктері бар. Медицина саласында да әріптестік жоғары.

Николай Николаев, аурухана басшысы:

Өткен жылы Қазақстаннан дәрігерлер келіп, тәжірибеден өтті. Травмотология институтының мамандарымен бірлесе ғылыми зерттеу жүргіздік. Әсіресе заманауи үлгідегі протездеу бүгінгі күні өзекті деп ойлаймын. Әрдайым әріптестік көкжиегін арттыруға әзірміз.

Чувашия республикасы Еуропа мен Азияны байланыстыратын көлік коммуникацияларының қиылысында орналасқан. Өңірде қазақ диаспорасы да бар. Алдағы уақытта құрметті консулдық ашу жағы да қарастырылып жатыр.

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу