Таяу Шығыстағы тұрақсыздық ішкі туризмге серпін бермек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таяу Шығыстағы тұрақсыздық ішкі туризмге серпін бермек

23.06.2025

Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты Air Astana бүгіннен бастап Астана – Доха рейсін тоқтатты. SCAT әуе компаниясы да осы бағытқа рейстерін белгісіз мерзімге кестеден алып тастады. Сондай-ақ Air Astana Атырау, Астана, Алматы және Шымкенттен Дубайға қатынайтын рейстерді де уақытша жапқанын еске саламыз. Бұл жағдай ішкі туризмге сұранысты арттыруы мүмкін. Ал қазақстандықтар шетелге қайда бара алады? Елде демалу қаншаға шығады? Толығырақ бейнематериалда.

Қазақстандықтар Біріккен Араб Әмірліктері, Катар және өзге де Таяу Шығыс елдеріне тур таңдайтын. Алайда, Иран Израиль қақтығысынан кейін туристер қауіпсіз деп саналатын елдерге ұшуға сескене бастапты. Кей отандастарымыз биыл елде демалуды құп көреді. Алайда отандық курорттардағы жоғары баға көңілден шықпай тұр.

Таяу Шығыстағы текетірес ішкі туризмнің дамуына жол ашуы мүмкін. Сарапшылардың болжауынша, биыл отандық және шетелдік туристер саны артуы тиіс. Ішкі туризм бойынша шамамен саяхаттаушылар саны 10 млн-ға жуықтауы мүмкін. Алакөл, Бурабай, Шарын шатқалы мен Алматы маңындағы тау курорттары сұранысқа ие. Бұл аймақтарда демалу үшін бір адамға орта есеппен 150–250 мың теңге қажет.

Нұртас Кәріпбаев, ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы:

Ішкі туризм дамиды. Пандемия кезінде елдер жабылды ғой. Сол кезде ішкі туризм катты дамыды. Қазір де сондай болуы мүмкін. Былтыр демалыс аймақтары 3 млрд теңгеге қызмет көрсетті.

Динара Жарқынбек, тілші:

Шетелде демалғысы келетіндер үшін бұл жазда бағыт көп. Туристік агенттіктердің айтуынша, азаматтар Түркия, Вьетнам, Тайланд пен Еуропа елдеріне еркін саяхаттай алады. Бұл елдер туристер үшін қауіпсіз саналғанымен, шетелге шығудан бас тартқандардың саны артып отыр. Мамандар мұны геосаяси тұрақсыздықпен байланыстырады.

Әлия Кәрібай, туристік агенттігінің менеджері:

Қазір біздің қазақстандық туристер көбінесе Түркияға, Египет, Мальдив, Вьетнам, Тайландқа барады. Саяси жағдайларға байланысты бірнеше курорт жабылып жатыр. Бұрын сатып алып қойған болса, барайын деп жатқан туристер болса, бірінші кезекте авиакомпания шешіміне қараймыз.

Туризм министрлігі шетелге әуе қатынасы сақталғанымен, демалыс маусымын ел ішінде өткізуді ұсынады. Себебі қазіргі күрделі кезең – сақтықты талап етеді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, Қазақстан аумағында 4 мыңнан астам демалыс аймағы бар. Өз елімізде сапалы әрі қауіпсіз демалуға барлық мүмкіндік жасалған.

Динара Жарқынбек


Хабарламаларға жазылу