Түркістан облысында қайтарылған активтер есебінен ауыз су құбыры тартылуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында қайтарылған активтер есебінен ауыз су құбыры тартылуда

24.06.2025

Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен Түркістан облысында ауыз су құбыры тартылып жатыр. Өңірде 40-қа жуық елді мекен ауыз суға зәру. Биыл 30 ауылды тіршілік нәрімен қамту үшін 20 млрд теңге бөлінді. Қомақты қаражаттың 11 млрд теңгесі бюджеттен бөлінсе, қалған 9 млрд-ы қайтарылған активтер есебінен.

Сарыағаш ауданындағы 8 елді мекенді таза сумен қамтуға биыл республикалық бюджеттен және мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 7 млрд 600 млн теңге бөлінді. Қазір ашық су көзінен Жібек жолы ауылдық округіне қарасты 4 елдімекенге құбыр тартылып, су қоймалары салынуда. Қалған 4 ауылда жаңадан ұңғыма қазылып жатыр.

Азат Өтебаев, Сарыағаш аудандық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

2025 жылы 6 елдімекенді пайдалануға беру жоспарлануда. Екі нысан 2026 жылға өтпелі. Бұл елдімекендерде 18 мың халық ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Абонент саны 3600.

Ал бұл Қазығұрт ауданына қарасты Атажұрт елдімекені. Құрылыс қарқын алған. 200-дей түтіні бар ауылда бұрын соңды су жүйелері тартылмаған. Жұрт суды тасып ішті. Ал биыл қайтарылған қаражат есебінен 700 млн теңге бөлініп, жаңадан ұңғыма қазылуда.

Бауыржан Өсеров, мердігер мекеменің директоры:

Бүгінгі күні су құбыры желілерін өткізіп жатырмыз. Ауылдың сырты басталды, ауылдың ішіне кіре бастадық. Сорғы станциясы соғылып жатыр. Резервтік станция да соғылып жатыр. Біздің жоспарымыз бойынша 30-тамызға дейін бітіреміз деп отырмыз. Қабылдауға өткіземіз.

Осы жылы кері қайтарылған активтер есебінен 25 елді мекеннің халқы таза суға қол жеткізеді. Олардың қатарында Келес, Отырар, Ордабасы аудандары бар. Жыл соңына дейін өңірдегі барлық қала мен ауылдарға ауыз су беріледі дейді жауаптылар.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу