Былтыр республикалық бюджет тапшылығы 3,6 триллион теңге болды. Оның 98 пайызы қарыз алу арқылы жабылған. Мәжіліс Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның былтырғы бюджетінің есебін екшеді. Қазынаға 19,6 трлн теңге кіріс түскен. Бұл жоспардан 608 млрд теңгеге аз. Оның негізгі себебі әлемдік геосаяси жағдайға байланысты кейбір өндіріс көлемінің қысқаруы мен логистикалық шығындардың өсуінен деді, Қаржы министрі Мәди Такиев. Ал бюджет шығысы 23,6 трлн теңгеге жетіп, ол 98 пайызға орындалған. 526 млрд теңге игерілмей қалды. Соған қарамастан Үкімет әлеуметтік міндеттемелерді толық орындады. Қаржы министрі бөлінген ақшаны пайдаланбаған органдардың бірінші басшыларына жаза күшейетінін айтты.
Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы министрі:
Біз былтырғы кезеңде 73 тұлғаға айыппұл салдық. Жалпы, біздің ойымызда бар. Оны биыл енгіземіз. Біздің вице-министрдің деңгейінде, комитет төрағалары, төрағалардың орынбасарлары.
1 жылда бюджет шығыстары 13 рет өзгертілген
Былтыр республикалық бюджеттің шығыстары бойынша 12 рет өзгеріс енгізіліп, 1 рет нақтыланған. Мәселен, жыл басында жоспарланған 112 бюджеттік инвестициялық жоба қаржыландыру жоспарынан алынып тасталды. Алайда екінші жартыжылдықта оның орнына жалпы сомасы 58 млрд теңгеге басқа 96 инфрақұрылымдық жоба енгізілген. Биылдан бастап жаңа бюджет кодексі біраз мәселені шешпек. Ал жаңа салық кодексі кірістерді ретке келтіреді, деді Мәжіліс төрағасы.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Биыл жағымды өзгерістер бар екенін көріп отырмыз. Ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны біртіндеп үдеп келе жатқаны байқалады. Соңғы 5 айда ішкі жалпы өнімнің өсімі 6 пайызды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестицияның өсімі – 18 пайыз. Барлық әлеуметтік міндеттеме толық көлемде орындалып жатыр. Бұл Мемлекет басшысының экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі нақты тапсырмаларының нәтиже беріп жатқанын көрсетеді.
Оңғар Алпысбайұлы
