Алматыда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы бойынша білім ошақтарының құрылысы аяқталуға жақын. Мәселен, Наурызбай ауданындағы 2,5 мың балаға шақталған оқу ордасы 70 пайыз дайын. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс белгіленген мерзімде аяқталып, мектеп жыл соңында оқушыларды қабылдайды дейді қалалық білім басқармасының мамандары.
Жайлы, қауіпсіз әрі заманауи. Осындай талапқа сай келетін мектепте шәкірттер үшін барлық жағдай жасалған. Баланы озық әрі сапалы біліммен қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық жобаның көздегені де осы.
Есбол Ибраймов, қалалық Білім басқармасының бөлім басшысы:
Бұл мектепте жалпы «Келешек мектептеріне» жеке оқу-білім құралдарымен және зертханалар, кабинеттер және спортзалдар, асхана кеңінен салынған. 1-4 сынып аралығы мен 5-11 сынып аралығында бөлек блоктарда оқытылады.
Нысан соңғы үлгідегі стандарттарға лайықталып салынып жатыр. Қауіпсіздік жүйелері, техникалық жарақтануы, жиһаз бен қажетті құрал-жабдықтар, интерактивті сыныптар мен цифрлық платформалар оқушылардың заманға сай білім алуына мол мүмкіндік бермек.
Берік Қожатай, құрылыс компаниясының өңірлік басшысы:
Артықшылығы, мысалы, біздің «Келешек мектептерде» Steam лабораториялар, коворкинг зона, робототехника кабинеті, хореография қарастырылған. «Келешек мектеп» болған соң 100 пайыз бүкіл қажетті нәрселердің барлығы болады.
Яғни, шәкірттердің шығармашылығын дамыту үшін де арнайы оқу кеңістіктері ойластырылған. Заманауи кітапхана, спорт және акт залы, асхана мен ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған инклюзив аймақтар да қарастырылды. Бір сөзбен айтсақ, заманауи мектепте оқушының білімге құштарлығын оятуға бар мүмкіндік жасалған.
Жазира Оразқызы
