АЭС өндіріс орындарын арттыруға ықпал етеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АЭС өндіріс орындарын арттыруға ықпал етеді

18.06.2025

Атом электр станцияларының энергетикалық тиімділігінен бөлек, экономикалық пайдасы да орасан. Ядролық физика институтының сарапшылары осылай дейді. Айтуларынша, елімізде АЭС салынса, өндіріс орындары арта түседі. Электр энергиясын сырттан алу халықтың қалтасына салмақ салатыны және бар. Ал көмірдің орнына уранды пайдалану оның арзандауына ықпал етеді.

Қазақстанда алғашқы атом электр станциясының құрылысы алдағы 2-3 жылда басталады. Қуаты 2 жарым мың МегаВаттан асады. Яғни, кем дегенде 3 миллион үйді электр энергиясымен қамтамасыз етеді.

Асхат Бекбай, ядролық физика институты бас инженерінің орынбасары:

Электр энергиясына деген қажеттілік жыл сайын 5 пайызға өсіп келеді. 2030 жылға қарай 13 млрд киловатт қуат көзі жетіспейді деген болжам бар. АЭС-тің салынуы үлкен кластердің қалыптасуына да әсер етеді. Демек ол экономикалық жағынан да тиімді.

Қазір халықаралық консорциум жасақталып жатыр. Оның көшбасшысы ретінде таңдалған «Росатом» компаниясы бұған дейін Беларусь, Иран және Үндістанда АЭС салған. Бүгінде Түркия, Бангладеш, Қытай, Египетте жұмысын жалғастырып жатыр.

Әсет Махамбет, ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары:

Халықаралық консорциумның лидерін таңдағанда біз бірнеше іріктеу сатысынан өткізіп, бірқатар талап қойдық. Бірінші талап – ол әрине қауіпсіздік. Сосын сол компания басқа мемлекеттерде АЭС қалай салғаны, яғни тәжірибесі маңызды. Былай қарасаңыз, шетелде ең көп АЭС салып жатқан осы «Росатом».

Бір АЭС-тің өзінде бірнеше жылу электр станцияларынан 3 есе көп жұмыс орны ашылады. Сарапшылар тек құрылыс кезінде 8 мың адам тартылуы мүмкін дейді. Ал нысан іске қосылғаннан кейін мың жарым маман қажет. Яғни, станция орналасқан өңірдің индиустриалды аймағы өркендеп, энергетикалық қана емес, әлеуметтік әлеуеті де көтеріледі. 

Жанел Нұрболат

Хабарламаларға жазылу