Қызылорда облысында шаруалар 2,3 млн текше метр суды заңсыз пайдаланған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында шаруалар 2,3 млн текше метр суды заңсыз пайдаланған

13.06.2025

Қызылорда облысында шаруалар күріштік алқаптарды суаруға 2,3 миллион текше метр суды заңсыз пайдаланған. Заң талабын бұзғандарды арнайы топ анықтап, Сырдарияның суын ысырап еткен шаруашылықтарға қатаң шара қолдана бастады.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Биыл облыста 126 мың гектар суармалы егістік алқап «Қазсушар» мекемесінің есебіне алынған. Оған Сырдария өзенінен 3 миллиард текше метрден астам су лимиті бекітіліп отыр. Бірақ жоспарсыз егін еккен шаруалардың кесірінен аяқсу тапшылығы болуы мүмкін дейді мамандар.

Маусымның 10-нан бастап елімізде жаңа Су Кодексі заңды күшіне енді. Яғни су айдындары енді ұлттық деңгейде қорғалып, су пайдаланатын диқандарға талап күшейді. Әсіресе егін шаруашылығында ысырапшылдық көп. Жаңа заң аясында күріштік алқаптарға зерделеу жұмыстарын жүргізген сала мамандары аяқсуды есепсіз пайдаланып отырған шаруашылықтарды анықтады.

Айдос Асанбаев, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының орынбасары:

Заңсыз су пайдаланған шаруаларды нақты анықтап, шара көру бойынша құзырлы органдарға береміз. Екінші мәселе, шаруа қожалық жерді тиімсіз пайдаланғаны үшін соған жерді қайтарып алуға болмаса тиісті көзделген айыппұлды салуға шара көруге ұсыныс береміз.

Жалпы суармалы егістік көлемі шаруалардың өтініші негізінде жылдың басында нақтыланып, соған сәйкес аймақта су лимиті бекітіледі. Бірақ биыл 6 шаруашылық Сырдариядағы судан үлесі болмаса да алқап-алқап күріш еккен. Ал аяқсуға ақша төлеп, жоспарлы түрде дақыл өсіріп отырған диқандар қауымы маусым ортасында егінге су жеткізе алмай қаламыз ба деп алаңдайды.

Данабек Әбдібеков, шаруа қожалығының төрағасы:

Біз келісімшартпен заңды ақшасын төлеп алып отырған суымыз – оны төтеннен келіп алса, әрине бізге зияны теді. Күріштің өнімділігі төмендейді. Заңсыз алған дұрыс емес. Заңды алса, оған да өзінің лимитін береді.

Аймақта құрылған жұмысшы топ әлі де жіті тексеру жүргізіп жатыр. Жалпы «Қазсушар» мекемесі биыл егін шаруашылығымен айналысатын 982 шаруамен келісімшартқа отырған. Яғни мамандар суармалы каналдарға құйылған әрбір тамшы суды егінге жеткізу үшін маусым бойы қатаң бақылау жүргізбек.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу