«Астана балет» театры алматылық көрерменге Астананың 20 жылдық мерейтойы аясындағы спектакльдерін тарту етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана балет» театры алматылық көрерменге Астананың 20 жылдық мерейтойы аясындағы спектакльдерін тарту етті

11.05.2018

«Астана балет» театры гастрольдік сапармен Алматыда. Елордалық театр ұжымы Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында спектакльдерін тарту етті.

Театр группасы еліміздің хореография өнерінің заманауи және ұлттық үлгілерін көрсетті. Өнерпаздар неоклассика шедеврі Джордж Баланчиннің «Серенадасын»  ұсынды. Көпшілік «Астана балет» театры ұжымының қажырлы еңбегімен қайта түлеген туындының әсерлі сәттерінен айырықша әсер алды. Ал, театрдың басшысы өнер ұжымы бұл сапарға тыңғылықты дайындалғандығын айтты.

Валерий  Күзембаев,  «Астана балет» театрының директоры:

- Біз биылғы гастрольдік сапарымызды толықтай Астананың 20 жылдығына арнаймыз. Сондықтан, біз ең таңдаулы деген спектакльдерді алдық. Құрамымызда 60 әртіс бар. Араларында шетелдік тәжірибелі әртістер де өнер көрсетеді.

Шығармашылық ұжымның көпшілікке ұсынған екінші қойылымы «Жусан» спектаклі болды. Мұнда Ұлы даланың киесіне айналған жусанның арпалысқа толы ғұмыры мен сол даланы мекен еткен халықтың тарихы көрініс тапқан. Сан ғасырға куә болған өсімдіктің өмірі мен көшпенділердің тіршілігі ұқсас. Мұны әртістер өнер тілімен тамаша үндестіріп, қимыл және музыканың тілімен жеткізе білді.

Риза Қанатқызы,  «Астана балет» театрының жетекші солисі:

- Бұл жерде қыздар да, ұлдар да қосылып  өнер көрсетеміз және әр кезде, әр жылдары болған жағдайлардың үзінділерін көруге болады. Қазақ би өнерімен қазіргі заманауи балетті қосып алып шығамыз.

Жалпы, «Астана балет» театры ұжымының репертуары алуан түрлі. Әрі олардың орындаушылық деңгейі аса жоғары. Сондықтан, өнерпаздар тек елімізде емес, әлемде де қошеметке ие. Ал, спектакльдердің сахналық безендірілуінде осы заманға сай технологияның көмегімен таңғажайып декорациялар қолданылады.

Айта кетейік, қазір шығармашылық ұжымның сапары Талдықорғанда жалғасып жатыр. Одан кейін Ақтау қаласына бару жоспарда бар. 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу