Астанадағы автобус апаты: Зардап шеккен қыз балаға қандай көмек көрсетілмек? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанадағы автобус апаты: Зардап шеккен қыз балаға қандай көмек көрсетілмек?

08.06.2025

Астанада бағанға соғылған автобус ішінде болған сегізге енді толатын Алуаның екі аяғынан айырылғанын естіп, аһ ұрмаған адам жоқ шығар.

2 маусымның кешінде болған апаттан кейін 15 адам ауруханаға жеткізілген, оның ішінде алтауы – бала. Үш адамның денсаулық жағдайы ауыр болды.

Хабар алған әріптестерге анасы «Алуа түнімен ұйықтамайды, шошып ояна береді» деген. Және әкімдік пен автопарк өкілдері психолог жіберіп, Алуаға коляска, бюрократиялық рәсімдерден өтіп сақтандыру ақшасы бөлінгенше деп, қаржылай көмек берген.

Алдында әкімдік пен автопарк мынадай ресми хабарлама таратқан: Автопарктің сақтандыру полисі есебінен 19,6 миллион теңге көлемінде сақтандыру төлемі қарастырылған.

Бұдан бөлек, автопарк тарапынан қосымша 10 миллион теңге көлемінде көмек беріледі.

Отбасы Ақмола облысынан келгендіктен, Астанада емделу және оңалту кезеңінде тұрғын үй жалдау бойынша көмек ұсынылған.

Баланың анасы ажырасқан, 5 баласы бар. Зардап шеккен Алуаға үнемі күтім керек, сондықтан Егінді көл ауылындағы балабақшадағы жұмысынан шығып, Астанаға келген. Алуаның еміне, оңалту шараларына көп қаржы керек, рас. Шамалыдан кейін назардан тыс қалмауын қадағалау қажет.

«Жүргізуші тәжірибелі болса, бірақ теп-тегіс жерде бағанға соғылса, онда смартфон қарап отырған шығар. Қоғамдық көлік шопырларының арасында түрлі контент, сериал көріп отыратындар бар» деген жазбаларды көзіміз шалды...

Осы аптада Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Жымпиты ауылында үй өртеніп, бес бала мерт болды... Құтқарушылар тез жеткен. Үйден ес-түссіз жатқан бес баланы алып шыққан. Иіс тиіп уланған бүлдіршіндер ауруханаға жеткізілгенімен, болмады. 2019, 2020, 2021, 2022, 2023 жылы туған ұл балалар. Отбасының жамағайыны балалардың ата-анасы жетім өскенін айтыпты. Үйді жалдап тұрған.


Хабарламаларға жазылу