«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ үшін Қытайдың ICBC банкінен 1 млрд юань инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов пен Industrial and Commercial Bank of China басқарма төрағасы Лю Цзюньнің кездесуінде айтылды. Сондай-ақ қазір 5 млрд юаньға дейінгі көлемдегі облигацияларды орналастыру арқылы Қытайдың қарыз нарығына шығу перспективасы қарастырылуда. Бүгінде ICBC Қазақстан экономикасының негізгі салаларын қолдауға қатысып, «Бәйтерек» холдингімен бірлескен жобаларды жүзеге асырып келеді. Биыл наурыз айында Холдинг «Аграрлық несие корпорациясын» қаржыландыру үшін 430 млн юань қаржы тартты. Кездесуде Үкімет басшысы Олжас Бектенов ICBC-мен ұзақмерзімді стратегиялық серіктестікті дамытуға мүдделіміз деді. Ал Лю Цзюнь ICBC қаржы жүйесін қолдауға және инновацияларды дамытуға бағытталған ынтымақтастықты кеңейтуге ұмтылатынын айтты. Айта кету керек, былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты тауар айналымы 44 млрд долларды құрап, рекордтық көрсеткішке жеткен.
Нұрсұлтан Тілектес
