Таразда Қазақстан-Италия халықаралық көрмесі өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда Қазақстан-Италия халықаралық көрмесі өтуде

03.05.2018

Екі елдің шыны шеберлері мен дизайнерлерінің, суретшілерінің ерекше туындыларын тараздықтар екі ай бойы тамашалай алады. 

Көрменің алғаш болып Тараз қаласында ашылуы бекер емес. Өйткені, шыныдан бұйым жасау өнері тарихи шаһарда Италия мәдениетімен тұспа-тұс дамыған. Көрмеге қойылған бұйымдар ежелгі және заманауи әрлеу әдістерін қолдану арқылы әйгілі Мурано шынысынан жасалған. Қазақи ою-өрнекпен көмкеріліп, алтынмен апталған шыны құмыралар, тұлпар бейнесі көздің жауын алады. Шыны шеберлерінің туындыларын жамбылдық дизайнер Айдархан Қалиевтың шығармалары толықтырды. Ол таныстырған ұлттық киімдерде де жылқы бейнесі өрнектелген. Көрмеге келушілер бұдан бөлек, суретші Светлана Костаның Астана қаласы туралы туындыларын тамашалады.  

Светлана Коста, суретші:

- Өзімнің дипломдық жұмысымды екі елдің мәдениетіне арнағым келді. Қазақстан мен Италиядағы жоғары көркемсурет мектептерінде оқыдым. Әйгілі шыны шеберлері Пино Синьоретто мен Джорджио Спецциамонтиден тәлім алдым. Менің шығармашылығым Қазақ елінің мәдениетімен тығыз байланысты. Бүгінгі халықаралық көрме туризмнің дамуына, өркениеттер көшінен қалмауына өз септігін тигізері сөзсіз.

Г.ҚАЙРАТҚЫЗЫ           

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу