Астанада XV халықаралық тау-кен конгресі өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада XV халықаралық тау-кен конгресі өтуде

04.06.2025

Елордада 15-халықаралық тау-кен металлургия конгресі өтіп жатыр. Екі күн бойы белгілі сарапшылар, ірі компаниялардың бас директорлары, сервистік кәсіпорындардың топ-менеджерлері саладағы өзекті мәселелерді шешу жолын талқылайды. Әріптесім Ернұр Медет қазір маңызды жиыннан бізбен тікелей эфирге қосылуға дайын. Ернұр, конгрестегі тақырыптарға тоқталсаң...

Ернұр Медет, тілші:

Қайырлы күн! Иә, Astana Mining & Metallurgy конгресі бизнес, мемлекет, ғылым және инвесторлар арасындағы халықаралық деңгейдегі диалог алаңына айналды. Бүгінгі жиынға Қазақстан, Германия, Канада, Кипр, Қытай, Франция, Швейцария, Швеция, Жапония сынды 20 мемлекеттің делегаттары келген. Олар тау-кен техникасы, өндірісті цифрландыру, кен өңдеу, экология және өндірістегі қауіпсіздік бойынша тәжірибелерімен бөліседі. Бұл Қазақстан үшін өзекті тақырыптардың бірі. Себебі елімізде тау кен саласындағы компаниялар 160 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Бұл тұтастай өнеркәсіптегі қызметкерлердің үштен бірі десек болады. Жаңа ғана алғашқы пленарлық отырыс аяқталды. Спикерлер саланың жаһандық трендтері қалай өзгеріп жатыр, жаһандық экономикалық және саяси сын-қатерлер Қазақстандағы инвестициялар мен бизнестің дамуына қалай әсер етеді деген сауалдарға қатысты пікірлерін ортаға салды.
Ал ертең конгрестің екінші күні салалық іс-шараларға арналады. Дәстүрлі көмір өнеркәсібі мен алтын өндірушілер форумдары өтеді. Онда сарапшылар нарық жағдайын, өндіру және өңдеу технологияларын, сондай-ақ тау кен ісіне жасанды интелектті енгізу жолдарын талқылайды. Әзірге осы, Айнұр.


Хабарламаларға жазылу