Қостанайда әнші-сазгер Қалибек Деріпсалдиннің әндеріне арналған байқау өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда әнші-сазгер Қалибек Деріпсалдиннің әндеріне арналған байқау өтті

16.04.2018

Қостанайда Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, әнші-сазгер Қалибек Деріпсалдиннің әндеріне арналған байқау өтті. «Көктем-қыздар»  деп аталған республикалық сайысқа елдің түкпір-түкпірінен келген әншілер қатысты. Байқаудың мақсаты - қазақтың ән өнерін насихаттау. Ән әлеміндегі жаңа есімдерді халыққа таныстыру.  

Қалибек Деріпсалдиннің есімі республика жұртшылығына әуезді әндерімен танымал. Сазгердің бүгінде 100-ге жуық туындысы ән әлемінде өз тыңдаушысын тапты. Көпке белгілі шығармалары отандық танымал эстрада жұлдыздарының репертуарында. Еліміздің түкпір-түкпірінен ат арытып келген 20 үміткер үш күн бойы Қостанайды әсем әнге бөледі.

Қалибек Деріпсалдин, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Өте ғажап өтіп жатыр. Мысалы, Алматыда Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуовтың кеші, Таразда А.Қоразбаев, Қызылордада К.Дүйсекеевтікі, Оралда Е.Хасанғалиевтікі. Ал, Солтүстік Қазақстанда ең бірінші менікі өтіп жатыр. Сол үшін бақыттымын. Жалпы, Тобыл-Торғай халқына, көрермендеріме шын жүректен алғыс білдіремін.

Композитор Деріпсалдиннің әндеріне арналған байқау «Көктем-қыздар» деп аталды. Ұзын саны 60 шақты ән орындалды. Республикалық өнер додасының бас жүлдесіне Тараздан келген өнерпаз Жанатбек Қадыров лайық деп танылды.

Жанатбек Қадыров, республикалық «Көктем-қыздар» ән байқауының бас жүлде иегері:

- Оркестрмен айту үшін адамға жүрек, талғампаздық керек деп ойлаймын. Әншінің әншілігін білдіретін ол - оркестр. Қалибек ағамызға рахмет айтамын. Осы бір дәстүрге айналсын.

Дастан Есентеміров, республикалық «Көктем-қыздар» ән байқауының бірінші орын иегері:  

- Қалибек ағаның әндері жүрекке өте жақын. Біз ол кісінің «Айнакөл жағасында» деген әнін ең алғаш болып орындадық. Осыдан 3-4 жыл бұрын Оралға келіп, бізге осы әнді өзі ұсынды. Өте сәтті шыққан сияқты.

Әннің әуезі мен сөзі өзара қабысса туындының тұғыры биік болғаны. Мұндай дүние өміршең болады. Әсем әуенді тыңдарманның жүрегіне жеткізіп, орындай білу қажырлы еңбекті талап етеді. Қалибек Деріпсалдин -  сол үдеден шыға білген компазитор әрі әнші. Тума талант иесін Тобылдың дүлділі ғана емес, «Қазақтың Қалибегі» деп атайтыны да сондықтан. 

Данияр СҰЛТАНҰЛЫ 

Хабарламаларға жазылу