Құрманғазының домбырасының көшірмесі Алматыға жеткізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құрманғазының домбырасының көшірмесі Алматыға жеткізілді

05.04.2018

Күй атасы Құрманғазының туғанына 200 жыл толуына орай оның домбырасының көшірмесі Алматыға жеткізілді. Құрманғазы Сағырбайұлы жерленген Ресейдің Астрахан облысынан келген қонақтар Халық аспаптар мұражайына бабамыздың және оның шәкірті Ерғали Есжановтың домбырасының көшірмесін сыйлады.

Осылайша, Алматыдағы Ықылас атындағы халық аспаптар мұражайының аспаптық жәдігерлері тағы да құнды қазынамен толықты. Сонымен қатар, дәулескер күйшінің киген шапаны мен басқа да тұтынған заттарынан тұратын жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды. Жалпы, Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойы республика бойынша жыл соңына дейін жалғасады. Өйткені, бұл атаулы күн ЮНЕСКО-ның күнтізбесіне енген. «Себебі, Құрманғазының күйлері әлемдік музыканың қорын байытқан рухани қазына», - дейді мамандар.   

Нұрғиса Дәуешов,  Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің директоры:

- Аспап мәңгілік, оны орындаушылар бұл өмірде жоқ. Сол аспаптарды жандандыру мақсатында екі ұжымның арасындағы бірлестікті нығайтып, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында алдымызда көптеген төл өнерімізге қатысты үлкен жоспарларымыз бар. 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу