АҚШ-та Қазақстанның инвестициялық әлеуеті таныстырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та Қазақстанның инвестициялық әлеуеті таныстырылды

22.05.2025

Нью-Йоркте Қазақстанның инвестициялық әлеуеті АҚШ-тың ірі инвестициялық қорлары, қаржы институттары, бизнес қауымдастығына таныстырылды. Келелі кеңесте екі ел арасындағы байланысты тереңдету тетіктері сөз болды.

АҚШ бизнесі Қазақстанға қаржы салып жатқан негізгі инвесторлардың бірі. Соңғы 5 жылға көз жүгіртсек, Нидерланд пен Ресейден кейінгі үшінші орында тұр. Компаниялар тек дәстүрлі мұнай, газ саласына ғана емес, енді ірі инфрақұрлымдық жобаларға да қомақты қаржы салуға дайын.

Уард Корберт, «Catalyst Partnership Management» компаниясының инвестициялар жөніндегі бас директоры:

Инфрақұрылым, теңіз порттары, әуежайлар, теміржолдар және сол сияқты жолаушы және жүк тасымалына қатысты нысандарға қызығушылық артып келеді. Еуропа мен Қытайдың арасын 15 күнде жалғай алу дәстүрлі теңіз жолдарының екі айлық сапарынан әлдеқайда тиімді. Сондай-ақ финтех компанияларына да көп көңіл бөлініп жатыр. Қазақстанда өндіріліп, шетелге экспортталатын тауарларға да мойын бұрып жатырмыз.

Екі елдің экономикалық байланысының орнағанына отыз жылдан асты. Демек бизнес қауымдастық арасында да сенімді қарым-қатынас бекіген. Сондықтан Трамптың тарифтері көпжылдық қарым-қатынасқа сызат түсірмейді дейді сарапшылар.

Айзак Швартц, «Robotti & Co.Advisors» компаниясының портфолио менеджері:

Қазақстан АҚШ-тың сенімді серіктесі деп білеміз. Бұған тарифтер әсер етпейді деп ойлаймын. Бұл тек уақытша құбылыс. Әрине Қытай мен АҚШ-тың сауда соғысының салқыны тиюі мүмкін, бірақ тарифтердің зияны зор болмайды. Инвесторлар да соған назар аударуы керек деп есептеймін.

Қазақстанның бизнес әлеуетін паш ететін шара Нью-Йоркте жыл сайын өтеді. Ол да бекер емес. Себебі әлемнің басты қаржы астанасындағы инвесторлардың назарын аудару кез келген ел үшін маңызды.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу