Ресейде А. Байтұрсынұлы туралы кітап шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде А. Байтұрсынұлы туралы кітап шықты

29.03.2018

«Ахмет Байтұрсынұлының Орынбордағы жолы». Ресейде осындай атаумен жаңа монография жарық көрді. Еңбектің авторы – Орынбор мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті Татьяна Тугай. Шараны Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі, қазақ жастарының «Жас тұлпар» және «Сана» ұйымдары мен «Астана» қоры ұйымдастырды. Кітапта Ахмет Байтұрсынұлының Орынбордағы өмірі мен қызметі, мұрағаттағы құжаттардың негізінде жазылған. Автор өз еңбегінде қоғам қайраткерінің орыс-қазақ училищесінде оқыған жылдарын, алғаш педагог болған кезін, тұңғыш қазақ газетін шығарып, тұлға ретінде қалыптасу кезеңіне дейінгі өмірін тұтас қамтыған. Бір сөзбен айтқанда, бұл монографияда Амет Байтұрсынұлының ағартушылық еңбегіне баса мән беріледі. Кітап Орынбордағы «Бәйтерек» қайырымдылық қорының бастамасымен  басылып шықты. Енді оның қазақ тіліндегі нұсқасы Варшавада өтетін түркологтардың форумында оқырманға жол тартады.  

Татьяна Тугай, кітаптың авторы, Орынбор мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті:

- Ол өзінің бүкіл саналы ғұмырын ағартушылыққа, туған халқының көзін ашуға сарп етті. Мәселен, жаңа әліпбиді құрастырған кезде жай бір кабинетте отыратын ғалым ретінде емес, шынымен де жұрттың сауатын арттырып, пайдалы іс тындырғысы келген қайраткер ретінде әрекет етті. Ахмет Байтұрсынұлының мінезі, білімі, адамдармен қарым-қатынасы өте керемет болған. Мен оның осы қырын көрсетуге тырыстым.

Сәуле Таикешева, Орынбордағы «Бәйтерек» қайырымдылық қорының төрағасы:

- Басқа ғалымдардың еңбегінде саяси жағына көп мән берілсе, бізде бұл кітапта ағарту жағы, мәдени жағы. Ресей жерінде көптеген қазақ қауымдастықтары бар. Бұл кітап олардың білектерінде болмаса да, жүректерінде бір із қалдырады.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу