Мәскеуде белгілі ақын Бақыт Қайырбековтің шығармашылық кеші өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде белгілі ақын Бақыт Қайырбековтің шығармашылық кеші өтті

15.03.2018

Мәскеу қаласындағы «Ұлттар» үйінде белгілі ақын, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының Президенті Бақыт Қайырбековтің шығармашылық кеші өтті. Салтанатты жиын кезінде қаламгердің «Көп нүкте» атты жаңа кітабы көпшілікке таныстырылып, «Наурыз» мейрамы жайлы деректі фильмі көрсетілді.

Шығармашылық кешке қаламдас достары мен әдебиетшілер, зиялы қауым өкілдері мен қазақ дипломаттары және Ресейде тұратын қандастарымыз қатысты.

Ақын, аудармашы, режиссер – Бақыт Қайырбеков 65 жаста. Ол өзінің мерейтойын бұған дейін Алматыда өткізсе, енді міне Мәскеу жұртшылығымен қауышып отыр. Ресей астанасындағы 2 бірдей жоғары оқу орнын тәмамдаған қазақ ақыны, осылайша көрші елдегі оқырмандарына да шығармашылық есеп берді.

Салтанатты кеш барысында Бақыт Қайырбеков өзінің өлеңдерін оқып, деректі фильмдерін көпшілікке көрсетті. Поэзияда және кинематография саласында да өзіндік қолтаңбасы бар қаламгердің кез келген еңбегінде, қазақтың иісі, ұлттың үні жатыр.

Шығармашылық кешке Бақыт Қайырбековтің қаламдас достары мен әдебиетшілер, зиялы қауым өкілдері мен қазақ дипломаттары және Мәскеуде тұратын қандастарымыз молынан жиылды. Осылайша, қазақтың әдебиеті мен мәдениеті алып шаһардағы сан алуан жұрттың басын қосты.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу