АҚШ пен Каспий маңы елдері арасындағы стратегиялық әріптестік Сан-Франциско қаласында өткен энергетика және экология форумында талқыланды. Шараға Қазақстан, Әзербайжан және Грузия үкіметтерінің, Калифорния штаты губернаторы әкімшілігінің, сондай-ақ бизнес және сараптамалық қауымдастық өкілдері қатысты. Форумда негізгі назар инфрақұрылымға инвестиция тарту және таза технологиялар саласындағы инновацияларды дамыту мәселесіне аударылды. Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов елдің жасыл энергетика саласындағы стратегиялық басымдықтары туралы айтып берді. Әрі америкалық инвесторларды еліміздің жаңартылатын энергия көздерін дамыту жобаларына қаржы құюға шақырды. Калифорния штатының Қоршаған ортаны қорғау және экономика қорының президенті Джей Хансен де Калифорния Еуразия елдерімен бірлесе тұрақты энергетикалық болашақ құруға дайын деп мәлімдеді.
Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:
Қазіргі кезде үш ел – Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстан – өте маңызды әрі болашағы зор бірлескен жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Бұл – Каспий теңізінің түбімен өтетін кабель арқылы жасыл энергияны Еуропаға тасымалдау жобасы. Осыған байланысты үш ел Бакуде тиісті келісімге қол қойды. Қазіргі уақытта жобаның негізгі көрсеткіштері айқындалды, сондай-ақ бұл жұмысты жүзеге асыратын жүйелік операторлар белгіленді. Менің ойымша, бұл – өте ауқымды өңірлік жоба, әрі ол қазірдің өзінде әлемдік деңгейдегі халықаралық ұйымдардың қызығушылығын тудырып отыр. Сондықтан бұл жобаның болашағы зор деп есептеймін және біз оны міндетті түрде жүзеге асырамыз.
Жалғас Сәдібекұлы
