Қазақстан жазушылар одағы басқармасына жаңа төрағасы болып, белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет сайланды. Еліміздің рухани кемелденуіне үлес қосып жүрген ақын-жазушылардың кезекті XV құрылтайында Ұлт әдебиеті ұйымның басқарма мүшелері ауысып, жаңа құрамы да анықталды. Алматының төрінде өткен алқалы басқосуда басқа қандай мәселелер көтерілді? Тілші Нұрлан Асқарұлының материалында.
Бұл құрылтай бұрынғыдан өзгерек. Өзгерек деуімізге себеп, одақтың басшысы ауысты. Сондықтан, алқалы жиынға қатысқан 800-ге жуық ақын-жазушы құрылымды 22 жыл басқарып келген Нұрлан Оразалинге «Құрметті төраға» мәртебесін беріп, зор құрметпен шығарып салды. Себебі, Нұрлан Мырқасымұлы Тәуелсіздік жылдарында әдебиетіміздің өркендеп-өсуіне, әлем әдебиеті кеңістігінде танылуға зор үлес қосты.
Нұрлан Оразалин, ақын, мемлекет және қоғам қайраткері:
- Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек деп, Елбасы ұлттық өзгерудің мүлдем жаңа формуласын ұсынды. Ол формуланың аты - «Рухани жаңғыру». Ал, қазақ үшін рухани жаңғырудың ұлы қайнарларының бірі - әдебиет.
Ұлттық әдебиетімізді көтеруге бағытталған алқалы басқосудың екінші бөлімі жаңа төрағаны сайлауға арналды. Алдыңғы толқын ағалар кейінгі толқын інілеріне жол беріп, ұрпақ сабақтастығының жарқын үлгісін көрсетті. Сонымен, жиынға қатысқан 800 ақын-жазушы алдымен басқарманың 150-ден аса мүшесін сайлады. Ал, олар ұйымның төрағасын сайлау үшін өзара пікір алмасып, лайықты үміткерлерді ұсынды. Қаламгерлер бір ауыздан ақын Ұлықбек Есдәулеттің кандидатурасын қолдап, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы етіп сайлады.
Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы:
- Жазушылар одағына басшылыққа келіп отырғаным маған үлкен жауапкершілік жүктеп тұр. Иығыма түсіп тұрған ауыр жүктің салмағын сезіп тұрмын. Ендігі жұмыс, алдағы мақсат - Жазушылар одағының жағдайын түзету. Ал, жазушыларға жағдай туғызу дейтін мәселелер сонымен қоса жүреді. Сондықтан, «Рухани жаңғыруға» байланысты жаңа жобалар бастап, жоғары жаққа ұсынсақ деген ойымыз бар.
Жазушылар одағы құрылғаннан бері ұлт тағдырына қатысты барлық мәселелерге араласып, оның оңтайлы шешілуіне атсалысты. Ал, технология заманының көшіне ілесіп, жаһандану үрдісіне тап болған тұста да салт-дәстүрімізді жаңғырту арқылы оқырманға ой сала білді. Олар әркез халықты кемелдендіруге қызмет етіп келеді. Жаңа төрағаның сөзінше, енді Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өңірлердегі ақын-жазушылардың көмегімен іске аспақ. Сондықтан, ұйым әдебиеттің көкжиегін кеңейтумен қатар, қоғамдық және жаратылыстану ғылымдарының дамуына да үлес қоспақшы.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ