«Жүрсіннің жүйріктері» Ұлттық арнада - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жүрсіннің жүйріктері» Ұлттық арнада

02.03.2018

Мұхтар Әуезов айтқандай, «айтыс – сөз барымтасы...». Қазақтың ұлық өнері де - сол. Ендеше, ұлттық өнердің жанашыры Ұлттық арна 60 жылдық мерейтойы қарсаңында көрерменге жаңа жоба ұсынады. Атауы – «Жүрсіннің жүйріктері». Бағамдағаныңыздай, жырлары жеті жауһар жарқылындай қолма-қол өлеңнің шеберлері сайысатын жоба бұл. Оған тіл-таңдайына Тәңір салмақты сөз салса, майдан қыл суырар әлеуеті бар ақындар қатысады. Ендеше, мың сөзден қадірлі бірін айтқан талантты ақындардың аламаны туралы Азамат Бейбітұлы толығырақ баяндайды.

Жүрсіннің жиырма жүйрігі айтыс аламанына түсті. Ақындар екі топқа бөлінген. Әуелгі ондық -  үлкен буын. Кейінгісі - кішісі толқын. Олар бір-бірімен сөз сайыстырады.

Дидар Қамиев, айтыскер ақын:

- Бір қуантатыны, бұл жерде аға буыннан аға-әпкелерімізді де шақырған екен. Кейінгі кезде айтыстың құрамы жасарып кетті ғой. Бұған қуаныштымыз.

Әр апта сайын бір жұптың айтысы эфирден көрсетіледі. Шарт бойынша ақындар арнайы тақырыпты қаузап, одан соң пародия жанрын қамтиды. Ал, олардың бабын қазылар бағалайды.

Асанәлі Әшімов, ҚР Халық әртісі:

- Халыққа ұнайтын нәрсені ұсыну керек.

Әсия Беркенова, ҚР Халық ақыны:

- «Qazaqstan» Ұлттық арнасы аталы жасқа келген кезде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұлтымыздың ұлы өнері айтысты жаңғыртып жатқанына өте ризашылық сезіммен қарап отырмыз. Айтысқа бір креативті форма кірген сияқты.

Сондай-ақ, қазылар алқасында Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев пен профессор, ғалым Намазалы Омашев те бар. Ал, жобаның төрінде әлбетте, Жүрсін Ерманның өзі отырады.

Жүрсін Ерман, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Ұлттық арна айтысқа қайтадан бет бұрды. Эфирде бірнеше ай жүретін айтыстың жаңа жобасы түсіріліп жатыр. Бұл өз құндылықтарымызды алдыңғы қатарға шығаруда үлкен шара болды деп отырмыз.

Бұл айтыстың бұрынғылардан форматы бөлек. Бірақ, тележобада төл өнердің барлық бағыты, ерекшелігі сақталған.

Мұхтар Нияз, айтыскер ақын:

- Жалпы, Ұлттық арна қазақтың ұлттық өнерінің түрлі саласына назар аударып келеді. Былтыр ғана «Мен қазақпын» жобасымен дәстүрлі орындаушыларды өз биігіне көтеріп тастаса, міне, биыл Ұлттық арнаның ұлттық өнерге деген жанашырлығын сезініп отырмыз.

Жаңа жоба осы аптадан бастап, әр жексенбі сайын сағат 21:00-де эфирден көрсетіледі. Жоспар бойынша финал Астана күніне орайластырылған. Демек, оған дейін өлеңмен өрілген өрнекті ой мен көрнекті ұйқас, сабырлы сауал мен тамырлы жауапқа толы таланттардың тартысын тамашалаңыз.

 

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу