Түркия астанасы Анкара қаласында поэзия алыбының 125 жылдығына арналған халықаралық симпозиум өтті. «Түріксой» ұйымының мұрындық болуымен ұйымдастырылған шараға алты алаштың өкілдері жиылды. Мағжанның өміріне қатысты тың деректер жарияланды.
Анадолы елінің ақиық ақынға деген құрметін айқын аңғаруға болады. Алқалы топта Мағжан Жұмабаевтың әндері орындалды, өлеңдері оқылды. Ферхат Тамир Түркияның Гази университетінің доценті. Мағжан тақырыбын зерттегеніне 25 жылдан асқан.
Ферхат Тамир, Гази университетінің доценті, Түркия:
- Докторлық диссертациям 1923 жылы Ташкент қаласында жарық көрген «М.Жұмабаев өлеңдері» деген өлеңдер жинағының зерттелуі еді. Диссертациямда Мағжанның төте жазуымен, яғни, Ахмет Байтұрсынов әліпбиімен басылып шыққан кітабын латын әріптеріне көшірдім.
Дегенмен, Мағжан тақырыбы әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Ғылыми конференцияда елі үшін жанын құрбан еткен Алаш арысының өміріне қатысты тың деректер жарияланды.
Сәуле Мәлікова, Солтүстік Қазақстан архивінің директоры:
- 1927 жылы педагогикалық техникумда ұстазы ретінде Мағжанның өз қолымен жазған құжаты табылды. Онда Мағжан ақтаңдақ беттерін ашып беретін 1918 жылдары ұстаздар институтында бір жыл оқығанын, өзінің қолымен туған күні 7 қараша 1893 жыл екенін жазған.
«Мағжан Жұмабаев түркітілдес халықтардың азаттығын, бірлігін жырлады. Ақын есімінің мәңгілік ұлықталуының сыры - осы», - дейді түрік ғалымы.
Хулия Касапоғлы, Гази университеті Түркітану орталығының директоры:
- Ататүрік пен Мағжан бір жылдары өмір сүрді. Ататүрік 1938 жылы қайтыс болды, Мағжан да сол жылы өмірден озды. Ататүрік «Жастар менің үмітім», дейді, Мағжанға қарасақ, «Мен жастарға сенемін» дейді. Екі ұлы тұлғада да бір үлкен ұғым бар, бір сөйлейді.
Түркияда Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп, көше мен саябақ бар. Осының өзі ақынның қаншалықты құрметке ие екенін аңғартады. Ұлы тұлғаның мерейтойына жиналған қауым Анкарадағы ескерткіш алаңына жиналып, ақынның рухына тағзым етті.