Маңғыстауда «Caspi Bitum» зауыты ауқымды жаңғыртудан кейін, қайта іске қосылды. Кәсіпорын бұған дейін жылына 500 мың тонна битум өндірсе, енді 750 мың тонна өнім шығарады. Салтанатты шараға Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компанияларының қызметкерлері, аймақ басшылығы мен Бас мердігер «CITIC Construction» компаниясының өкілдері қатысты.
Зауытты жаңғырту жобасы - Президенттің тапсырмасы. Бас мердігер – «CITIC Construction» компаниясы құрылыс-монтаждау жұмыстарын былтыр бастап, белгіленген мерзімнен 1 ай бұрын аяқтады. Құрылыс жұмыстарына 200-ден астам маман жұмылдырылған.
Саятай Әліпбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай өндіру және мұнай химиясы департаментінің директоры:
Бұл зауыттың бүгінгі қуаттылығы 1 млн-нан 1,5 млн тонна мұнай өндіруге жеткізіліп және де жолға арналған битумдардың өндірісін 750 мың тоннаға жылына шығаруға қазір қуаттылығын жеткізді. Сәуір айында зауытымыз 28 мың мұнай өңдеп, 10 800 тонна битум өндірдік.
Жаңғырту жобасы аясында биіктігі 40 метрге жуық 140 тонналық жаңа вакуумдық бағана орнатылған. Жылу алмастырғыштар, ауамен салқындатылатын агрегаттар мен жаңадан 24 сорғы іске қосылды. Ұзындығы 14 мың метр болатын құбырлар монтаждалып, 300-ден астам бақылау-өлшеу аспаптары қойылған.
Талғат Мұқанов «Caspy Bitum» зауыты Бас директорының бірінші орынбасары:
Экология жағынан да жақсарту, жаңғырту мәселелерін бұл жобада қарастырған болатын. Ең басты ерекшелігіміз – бұл пештің оттығын өзгерту. Ол оттықтар ауаға ластайтын заттарды азырақ тастайды. Біздің мұнайымыз Қаражанбас кен орнынан келетін мұнай.
Жаңартылған зауыт - ішкі нарықтағы сұранысты толық өтеп, импортқа тәуелділікті азайтпақ. Бүгінде кәсіпорында 237 адам еңбек етеді. Зауыт осы айда 90 мың тонна мұнай өңдеп, 45 мың тонна битум шығаруды жоспарлап отыр.
Аягөз Оралбайқызы
