Ұлттық банк: Ақша массасы артқан сайын инфляция өседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық банк: Ақша массасы артқан сайын инфляция өседі

30.04.2025

Ұлттық қордан бөлінетін трансферт көлемі артқан сайын инфляция өседі. Осылай деген Ұлттық банк сарапшылары елдегі ақша массасы мен инфляция арасындағы байланысқа зерттеу жасап, қорытындысын жариялады. Бұдан да өзге түйткілді мәселелер Алматыда өткен «Жаһандық және ішкі шоктар жағдайындағы ақша-кредит саясаты мен қаржылық тұрақтылық» атты V ғылыми-тәжірибелік конференцияда талқыланды.

Ұлттық банк сарапшыларының түсіндіруінше, елдегі ақша массасы артқан сайын инфляция деңгейі де жоғарылай түседі. Мәселен, теңге көлемінің 10%-ға өсуінен бір жыл ішіндегі жалпы инфляция 0,8 процентке көтерілген. Осы бағытта зерттеулер тұрақты жүргізіліп жатыр, дейді Ұлттық банк өкілі.

Виталий Тутушкин, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары: 

Ғылыми ізденістер мен зерттеулер бүгінде өте өзекті мәселеге айналып отыр. Біз айналамызда болып жатқан жағдайларды талқылап, талдаумен шектелмей, жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, инновациялық тәсілдерді іздей беруіміз керек. 

Ақша массасы дегеніміз — айналымда жүрген елдегі барлық қаржының жиынтығы. Ұлттық банк жылына 8 рет базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдайды. Оның 4-еуі болжамға негізделген. 

Асан Ахметжан, ҚҰБ баспасөз қызметінің жетекшісі:

Яғни, тоқсан сайын болжамдық раунд өткізіліп отырады. Ұлттық банк сарапшылары баға қалай өзгеріп жатыр, қандай бағытқа, қандай тауарларға, қандай қызметтерге, қандай басқа да бір салаларға бөліп, жіктеп, бағалардың өзгеру динамикасын бақылап отырады.

Жиынға Әзербайжан мен Өзбекстан орталық банк өкілдері де қатысты. Қатысушылар ақша-кредит саясаты саласындағы зерттеу нәтижелерін ұсынды. Нақтырақ айтқанда, сарапшылар ақша-кредит саясаты құралдарының әсері туралы зерттеу қорытындыларын ортаға салып, инфляцияны болжаудағы инновациялық тәсілдерді де таныстырды.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу