Өзбекстанда түркі тілдес халықтарға ортақ жыршылық өнерді насихаттайтын «Бахши -2025» фестивалі өтті. Оған 40-тан астам мемлекеттен дәстүрлі әншілер қатысты. Қазақстанның атынан өнер көрсеткен кәсіби жыршы, термеші Күнсұлу Түрікпен жүлделі орыннан көрінді.
Халықаралық байқау биыл 4-ші рет өткізіліп отыр. Қатысушылар жыр айтып, ұлттық аспапта ойнау бойынша бақ сынады. Отандасымыз «Көроғлы» дастанын шебер орындап көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, жүлделі екінші орынды иеленді. Жыр мерекесіне Орталық Азиядан бөлек Монғолия, Венгрия, Кувейт секілді алыс шет елдерден де өнерпаздар қатысты. Бас жүлде Әзербайжаннан келген дастан айтушы өнерпазға бұйырды. Жыршылық өнер әлемдік мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде әлі күнге сақталып келеді. Ұлттық болмысты, ежелгі тарих пен салт-дәстүрді қамтитын өнерді халықаралық деңгейде насихаттау басты мақсат. Көрші ел «Бахши» фестивалін тұрақты өткізуді қолға алған. Осы арқылы ерекше орындаушылық стильдерді сақтап, өскелең ұрпаққа жеткізуді көздейді.
Озодбек Назарбеков, Өзбекстан Республикасының мәдениет министрі:
Осы шара аясында біз бүгін дос арттырдық. Туысқан халықтар арасында ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан бауырластық пен ынтымақты одан әрі бекемдей түстік деп ойлаймын.
Базаркүл Отыншиева
