Гарвард университетімен Қазақстанның білім ордаларының байланысы тереңдей түспек. Әлемнің белді оқу орнында өткен жиында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек осы университетке қарасты Ресей және Еуразияны зерттеу жөніндегі Дэвис орталығының Орталық Азия бағдарламасымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл екі жақтың жоғары білім саласындағы қарым-қатынасты ширатуда алғашқы маңызды қадам болмақ. Тараптар әсіресе жасанды интеллект және цифрлық технологиялар саласындағы байланысты нығайтуға және тұрақты диалог алаңын қалыптастыруға дайын. Сондай-ақ Гарвард университетінің кітапханасы мен Ғылым ордасы өзара әріптестік орнатып, екі жақ біріккен цифрлық платформа құрады.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
Бүкіл біздің кітапханашыларымызға арнайы әдістемелік және цифрлық көмек көрсетеді. Кітапханашыларды үйретеді. Кітапханашылар тек кітапты реттейтін емес, бірінші сәтте ғылыми зерттеуші қызметкер. Сондықтан осындай оқыту біліктілікті арттыру бағдарламасы іске қосылады.
Жалғас Сәдібекұлы
