Ресей халқының банк алдындағы берешегі өсіп кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей халқының банк алдындағы берешегі өсіп кетті

28.04.2025

Ресейде сәуір айында 30 күннен астам кешіктірілген азаматтардың қарызы 2,3 трлн рубльге жетті. Бір айда 22 млн-нан астам несие рәсімделген. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 30 пайызға көп. Санкция астында қалған Ресейдің экономикасы құлдырап, доллар тағы қымбаттады.

Ресей – әлем бойынша ең көп санкция салынған мемлекеттердің ішінде бірінші орында. Бүгінгі күні көрші елге қарсы 28 мың 595 санкция салынған. Экономикалық шектеулердің кесірінен инфляция өсіп, қымбатшылық қос бүйірден қысып тұр.

Наталья Григорьева, зейнеткер:

Әрине, санкция барлық мемлекетке кері әсерін тигізді. Ешкімге қазір оңай емес. Алайда, бұл тығырықтан да шығармыз. Өзіміздің өндірісті қолға алу керек, ал біз импортқа тәуелдіміз.

Роман Степанов, қала тұрғыны:

Шынымды айтсам, брендтердің кетіп қалғаны көңіліме қатты батпады. Бірақ техника, көліктің қымбаттағаны қатты сезіледі. Осы мәселеге алаңдаймын.

Санкция салмағы ауыр болды. Сарапшылардың айтуынша, халықтың өмір сүру деңгейі күрт төмендеген. Орталық банк базалық мөлшерлемені бес рет көтергенімен, рубль құлдырауда. Бір доллар 100 рубльдың айналасында. Ал осыдан екі жыл бұрын шамамен 60 рубльге АҚШ валютасын сатып алуға болатын. Экономистер несиеге жүгінетіндердің саны артқанын айтып, дабыл қағуда.

Эльвира Глухова, сарапшы:

Сондықтан коллекторлардың жұмысын заң жүзінде шектеу қарастырылып жатыр. Алайда, бұл мәселені шешпейді. Қазір несие алатындардың саны өте көп, сондықтан банктердің тарапынан шектеу қажет, әлеуметтік мәселелерге назар аударған жөн.

АҚШ-тың Ресейге салынатын санкция пакеті әлі толық нақтыланған жоқ. Егер жақын уақытта Ресей мұнайына тариф 25 пайызға өссе, бір доллар 150 рубльден саудалануы мүмкін. Сондықтан мамандар дағдарысқа қарсы жедел шаралар қабылдау керектігін айтып отыр.

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу