1 мамырдан бастап жедел жәрдем қызметінің жұмыс тәртібі өзгереді. Бұл қадам қызмет көрсету сапасын жақсартып, кешігу мәселелерін шешпек. Енді төртінші категориядағы шақыруларға: мәселен, жоғары қан қысымы, дене қызуы немесе жеңіл жарақаттар сияқты өмірге қауіп төндірмейтін жағдайлар – күндізгі уақытта емхана жанындағы мобильді бригадаларға бағытталады. Олар таңғы сағат 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
Ал түнгі уақытта және демалыс күндері барлық шақыртуға жедел жәрдем бригадалары бара береді. Қажет болса қатарларына педиатр, кардиолог және басқа да мамандар қосылады. Министрліктің мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында елімізде 2,1 миллионнан астам шақыру тіркелген. Оның ішінде 763 мыңға жуық шақыру төртінші категорияға жатады. Ал олардың 518 мыңнан астамын алғашқы медициналық-санитарлық көмек мобильді бригадалары орындаған.
Ернұр Медет
