Қытайда 10G желісі іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытайда 10G желісі іске қосылды

21.04.2025

Америкалық астронавт 70 жылдық мерейтойын Қазақстанда қарсы алды. Қытайда 10G желісі іске қосылды. Ал БАӘ-де жасанды интеллект заңды жазып, өңдеуге көмектеспек. Әлемдегі техножаңалықтар туралы әріптесім Темірлан Нұржанұлы айтсын.

Америкалық астронавт Дон Петтит ғарышта 220 күн өткізіп, 70 жасқа толған күні жерге қайта оралды.

Осылай ол Халықаралық ғарыш станциясында 7 айлық ғылыми миссиясын аяқтап, кеше ресейлік әріптестерімен бірге «Союз МС-26» ғарыш капсуласымен қазақ даласына қонды. 1955 жылы дүниеге келген Петтит өз мансабында ғарышқа төрт рет сапар шегіп, аспан әлемінде 590 күн өткізген.

Қытайда 10G желісі іске қосылды. Жаңа технология жүктеу жылдамдығын секундына 9 834 мегабитке дейін жеткізіп, байланыс кідірісін 3 милиссекундқа дейін азайтқан. Мәселен, көлемі 20 гигабайттық жоғары сапалы фильмді секундына 1 гигабит жылдамдықпен жүктеу үшін әдетте 7–10 минут қажет. Ал жаңа 10G желісімен дәл сол фильмді небәрі 20 секундта жүктеп алуға болады.

Біріккен Араб Әмірліктері алғаш болып жасанды интеллект заң жазуға көмектеспек. Financial Times басылымының хабарлауынша, ЖИ мәліметтерді талдап, жобаның халыққа және ел экономикасына әсерін болжап береді. Премьер-министр Мұхаммед бин Рашид әл-Мактумның айтуынша, бұл заң әзірлеу үдерісін жылдам, дәл әрі тиімді етеді. Алайда Бат университетінің ғалымы Марина де Вос жасанды интеллект кейде «машинаға түсінікті», бірақ «адамдар үшін мүлде мағынасыз» ұсыныстар айтуы мүмкін екенін жеткізді.

Темірлан Нұржанұлы


Хабарламаларға жазылу