Ұлыбританияда жаңартылатын қуат көздерінің арқасында тариф арзандайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда жаңартылатын қуат көздерінің арқасында тариф арзандайды

19.04.2025

Ұлыбританияда энергетика саласын түбегейлі өзгерістер күтіп тұр. Ел билігі баламалы қуат көздеріне көшу арқылы жарық пен газға кететін шығындарды азайтып, энергияны дамытудың жүйесін жаңғыртпақ.

Ұлыбританияда жарық пен газ қымбат. Өйткені энергияның басым бөлігі сырттан тасымалданады. Сондықтан тұрғындар электр қуаты мен көгілдір отынды үйде мейлінше үнемдеп пайдалануға мәжбүр.

Соңғы жылдары дүниежүзілік нарықта энергия бағасы күрт өсті. Ұлыбританияның энергетикалық инфрақұрылымы да ескіріп, жаңартуды талап етіп отыр. Премьер-министр көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуды көздейтін ұлттық бағдарлама аясында коммуналдық төлемдер де арзандайды деп сендіреді.

Кир Стармер, Ұлыбританияның премьер-министрі:

Мен таза энергия бойынша әлемдік додаға қатысып қана қоймай, сол жарыста оза шабуға ниеттімін. Біздің елде бұған қажет маман, мол тәжірибе және оны жүзеге асырғысы келетін үкімет бар.

Лейбористік партияның экологиялық таза орта құруды көздейтін өршіл жоспары бар. Ұлттық энергетикалық жүйе операторының дайындаған тәуелсіз сараптамасы да бұл бастаманы мақұлдап отыр. Бірақ оны онжылдық аяқталғанға дейін толық орындау үшін “жасыл” стратегияны дереу қолға алу керек.

Финтан Слай, Ұлттық энергетикалық жүйе операторының басшысы:

Электр энергиясының көтерме бағасы 10 пайызға дейін төмендеуі ықтимал. Мұндай нәтиже арзан әрі жаңартылатын энергия көздерін пайдалану және газдан өндірілетін қуат мөлшерін қысқарту арқылы жүзеге асады.

Жоспарды жүзеге асыру оңай шаруа емес. Ұлыбритани жасыл энергетика саласында жаһандық көшбасшыға айналу үшін көп қаражат қажет.

Бюджеттік жауапкершілік басқармасының деректеріне сүйенсек, баламалы қуат көздеріне бағытталған жобаларды қолдауға қазір 12 миллиард фунт қажет болса, алдағы бес жылда ол сома шамамен 15 миллиард фунтқа артады. Бірақ сарапшылар бұл бастама болашақта өзін толық ақтайтынына сенімді.

Марина Бекенова

Хабарламаларға жазылу