Дәрігер: Бала үшін буын-сүйек аурулары қауіпті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дәрігер: Бала үшін буын-сүйек аурулары қауіпті

18.04.2025

Буын ісіп, сүйек сырқырап, тізе қақсайды. Балалар арасында ревматологиялық аурулар асқынып барады. Дәрігерлердің сөзінше, жыл сайын 1 мыңға жуық бүлдіршінге осындай диагноз қойылады. Ең кішкентай науқас – небәрі 7 айлық шақалақ. Аса қауіпті сырқаттың себептері неде? Созылмалы дерттің бала өмірі үшін қауіптілігі қандай? 

Екі тізесі ісіп келді. Аяғының ісігі қайтқан. Келгенде аяғын қозғай алмайтын... Қызылордалық Динара Жаркеткенова ұлымен екі күн бұрын келген. 3 жастағы Әлинұр аяғының ауыратынын айтып шағымданған. 1 айдан аса мазасызданған соң, алаңдаған ана алматылық дәрігерлерге қаратуды жөн көрген.

Динара Жаркеткенова, Қызылорда қаласының тұрғыны:

 Артрит деген диагноз қойып жатыр. Басында түнде ауырып бастады аяғы, жылайды, сырқырайды. Не істерімді білмедім. Қатты ауырады, тебеді, аяқта бір нәрсе тұрғандай тебеді, саны да ауырады.

Әлинұр сияқты бұл ауруханада 21 бала ем алып жатыр. Жыл сайын мұндай дертке шалдыққан бүлдіршіндер қатары артып келеді. Бас ревматологтың айуынша, буын-сүйек аурулары 7 айлық шақалақтан да анықталған. Сырқаттың себептері мен белгілерін, бала өмірі үшін қауіптілігін дәрігерлер былай түсіндірді:

Шолпан Қайыпназарова, балаларға шұғыл медициналық жәрдем орталығының бөлім меңгерушісі:

Вирусты бактериядан кейін, тұқымында осы ауруға шалдыққан ата-ана болса, балалары ревматологиялық ауруларға бейім келеді. Кейбір кезде балалар аяғым ауырды деп айтады да, ата-аналар дер кезінде мән бермейді. Ойнап жатыр, қойып кетеді ғой деп. Сол шағымдарға көңіл бөлсе. Егер де дер кезінде ревматологиялық аурулар емделмейтін болса, мүгедектікке әкелуі мүмкін.

Өйткені, бұл – аса қауіпті әрі созылмалы сырқат. Сондықтан дертке шалдыққан бүлдіршін үнемі дәрігердің бақылауында болуы керек. Ал аурудың алдын алу үшін мамандар баланың дұрыс тамақтануы мен салауатты өмір салтын ұстануына, уақытылы ұйықтап, денсаулығына назар аударуға кеңес береді.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу