Түркияда «Хас Сақ» этно-фольклорлық ансамблінің тұңғыш концерті өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда «Хас Сақ» этно-фольклорлық ансамблінің тұңғыш концерті өтті

17.04.2025

Түркияда «Хас Сақ» этно-фольклорлық ансамблінің тұңғыш концерті өтті. Түркияда түсірілген бірқатар тарихи сериалдарға саундтрек жазған қазақстандық өнерпаздардың шығармашылығымен түркиялық көрермен етене таныс. Содан да болар «Хас Сақ» тобының Анкара мен Ыстанбұл қаларында өткен концерттерінде жергілікті көрермен оларды зор қошеметпен қарсы алды.

Ыстанбұл қаласында тек жанды дауыста өткен концертке көрермен көп жиналды. Түркиялық қазақтар да атамекеннен келген өнерпаздардың кештерін әрдайым асыға күтеді.

Ерол Йолжы, көрермен:

Мен өзім әйеліммен келдім, әмбе қоғам мүшелері достарыммен келдім. Тамаша концерт болды. Осындағы қазақтарды қойыңыз, бұл Анадолы түріктері өте тамаша көреді. Хас-Сақ әндері мен күйлерін өте көңілді көрінеді.

Сабиха Нүнал, көрермен:

«Хас Сақ» тобын әрдайым интернеттен тыңдап жүретінмін. Бүгін концерттеріне келу мүмкіндігі туды. Олардың әсіресе «Аманат» және «Түрік Қаған» туындылары қатты ұнайды. Сіңілім де тыңдасын деп арнайы оны да ертіп келдім.

Топ жетекшісі Ержанның айтуынша, олардың ең көп тыңдарманы Түркияда екен. Ал Қазақстан одан кейінгі орында тұр.

Ержан Жаманкеев, «Хас Сақ» ансамблінің жетекшісі:

Концерттен кейінгі халықтың кері байланысы, ыстық ықыласы жақсы пікірлері бізге сенім беріп отыр. Жақсы өткен сияқты. Біз қуаныштымыз. Бұл енді бастамасы. Келесі концерттеріміз мүмкін бір мемлекеттік деңгейде министрлік дейгейінде әлде ауқымды өтеді деп ойлаймыз.

Ұйымдастырушылар «Хас-Сақ» тобына Түркияда қызығушылық жоғары екенін сондықтан алдағы уақытта өзге қалаларда да концерт өткізу жоспарлары бар екенін айтты.

Қарлығаш Ахметова, «Көк ту» ұйымының төрайымы:

Бізді ең қуантқан нәрсе Түркиядағы халықтың «Хас-Сақ» тобын өте жақсы көруі. Мықты қарсы алды. Екі концерті де жоғары деңгейде өтті. Қазақ мәдениетін танытқанымызға ризамыз.

Кеште топтың авторлық туындыларымен қатар қазақ халық әндері мен түріктің шығармалары да шырқалды. Көрермендер, әсіресе, ансамбль мүшелерінің концерт барысында бірнеше ұлттық аспапты ауыстырып ойнауына тәнті болды.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу