Өнерімен өрге жүзген өрендер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өнерімен өрге жүзген өрендер

29.12.2017

Жұлдыздар жарқыраған жыл. Биыл талантты отандастарымыздың өнеріне алыс-жақын шет мемлекеттердің көрермендері тәнті болып, қол соқты. Димаш Құдайберген, Сүндет Байғожин, Данэлия Тулешова. Бұлардың барлығын «Жыл жаңалығы» десек, артық болмас.

Бұл жылды жеңіспен, жеміспен бастаған Димаш Құдайберген. Қытайдың «I`m a singer» байқауының алғашқы турында-ақ көпшілікті тәнті етіп, өзін ғана емес, күллі қазақты танытты. Миллиардты мойындатты. Өз елінде де, өзге елде де ол сұлтанға айналды. Құрмет, қошемет, сый-сияпат, марапат жауды. Қытай халқы Димаштың суреті бейнеленген ұшақ ұшырды. Джеки Чаннан бастап жасөспірімдеріне дейін оған тарту жасап, Димаш киген киім, Димаш айтқан ән, Димаш сөйлеген сөз, яғни, қазақ тілі трендке айналды. Тіпті, төрткүл дүниеге танымал Лара Фабиан, Ева Лонгориялар да қазақтың баласымен танысуға асықты. Бір жылдың ішінде Димаш «Top Chinese Music Award» премиясында «Азиядағы ең танымал әнші» және «IQIYI awards» бойынша «Жыл әншісі» атанып, «MTV Music Awards» пен «Hollywood Music in Media Awards» -тан марапаттарға ие болды.

Димаштың ізін қуып, шетел сахнасын бағындырған тағы бір талантымыз – Данэлия Тулешова. Украинада өткен ән байқауында топ жарып, қазылардың ғана емес, қалың бұқараның сүйіспеншілігіне бөленді. 10 жасар алматылықтың алар асуы әлі алда екеніне еш күмән жоқ.

Ал, Софи есімді жас отандасымыздың бойында бірнеше талант тоғысқан. Әртістігі, әншілігі, бишілігімен қоса Софи пианинода ойнайды, сурет салып, циркте де өнер көрсетеді. Қазақстанда аты кішкентайынан танымал дарынды қыз енді Голливудты бағындыруды көздеп отыр. Алғашқы қадамы да жасалып қойды. Көркімен, көркем ісімен күллі әлемді аузына қаратқан Анджелина Джолидің өзі Софимен тамсанады. Мұнымен қоса, 9 жасар қазақстандық АҚШ ұлттық пианистер гильдиясының мүшесі атанып, алтын озат белгісіне ие болды.

Сүндет Байғожин. Тарихта қалатын тағы бір есім. Бұлбұл әншіміздің табиғи талантына Рим опера театрының өзі қызығып отыр. Ол Еуропадағы ең мықты, танымал театр ұйымдастырған байқауда сыннан сүрінбей өтіп, дүниенің түкпір-түкпірінен келген баритондардың бәсекесінен бәйге алды. Сөйтіп, Еуропа сахнасын бағындырған алғашқы қазақстандық опера әншісі болмақ.

Жалпы, бұл жыл отандық опера мен балет саласы үшін табысты болды. «Астана опера» және Балет театры халықаралық турнеге шығып, АҚШ, Франция, Бельгия, Ресей халқына өнер көрсетті. Қазақстандық труппаға талғамы жоғары еуропалық қауымның өзі қошеметтері мен ду қол шапалақтарын аямады.

Биыл еуропалықтар қазақ қойылымдарын да тамашалай алды. Жазушы, драматург Дулат Исабековтың «Жаужүрек» пьесасы Лондон театрында саxналанды. Мұxтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрының ұжымы да, қойылым авторы Дулат Исабековтың шығармашылығы да ағылшындардың алғысына ие болды.

Ал, жылдың нүктесін төл театрымыз Жапонияда қойды. Қазақ драма театры жақында ғана «Ақтастағы Ахико» спектаклімен күншығыс елінде алғаш рет өнер көрсетті. Карлаг түрмесіндегі жағдай мен солақай саясатты бейнелеген ұжым жапон халқының да үлкен қошеметіне ие болды.

Альбина Әшім, тілші:

 - Димаш Құдайберген тағы бір жүлдеге ие болды. Қытайдың Грэмми іспеттес марапатында ол «Жылдың үздік танымал әншісі» атанды. Тауық жылын Димашпен бірге қазақ халқы табысты бастап, дәл солай аяқтауын жақсы ырымға балап отырмын. Жаңа жылда да жұлдыздарымыз жарқырай берсін. 

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу