Ұлттық банк базалық мөлшерлеме деңгейін сақтап қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық банк базалық мөлшерлеме деңгейін сақтап қалды

11.04.2025

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде өзгеріссіз қалдырды. Бұған инфляцияның өсуі мен әлемдік нарықта болып жатқан ахуал себеп болған. Қазір соның салдарынан азық-түлік бағасы шарықтап, еліміздің басты сауда серіктесі Ресейдегі инфляция алаңдаушылық туғызып отыр. Базалық мөлшерлемеге қатысты Ұлттық банктің келешек жоспары қандай? Тілшіміз анықтап көрді.

Елімізде инфляция соңғы айларда қайта өсті. Оған қызметтер мен азық-түлік бағасының қымбаттауы себеп болып отыр. Ұлттық банк Төрағасы Тимур Сүлейменов ақпандағы деңгеймен салыстырғанда наурыз айында инфляция 1,3%-ға баяулады дейді. Бірақ оның қарқыны әлі де жоғары.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

Ұлттық банктің ақша кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Шешім инфляцияның ағымдағы динамикасы мен тәуекелдер балансын ескере отырып қабылданды. Сыртқы ортада Қазақстанның сауда серіктесі Ресейдегі инфляциядан және азық-түліктің әлемдегі жоғары бағасынан да инфляцияға қысым сақталып отыр.

Сарапшылардың пайымдауынша, биыл елімізде инфляция деңгейі 10,6% дейін өсуі мүмкін. Оны тежеу үшін ақша-кредит саясатын қатаңдату көзделіп отыр. Сонымен қатар, Ұлттық банк баға қалыптастыру, салық-бюджет саласында жүзеге асырылып жатқан реформаларды талдау жөнінде Үкіметпен өзара келісімге келді.

Ақылжан Баймағамбетов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:

Инфляция екітаңбалы межеге жетті. Бұл ставканы қазір төмендетуге болмайды деген сигнал. Мақсатымыз – инфляцияны 5%-ке дейін түсіру. Сондықтан біз қатаң шешім қабылдауға мәжбүрміз. Баға өсімі баяулағанша, жоғары ставканы ұстаймыз.

Осыдан-ақ базалық мөлшерлеменің жақын арада төмендемейтінін аңғаруға болады. Себебі сыртқы және ішкі ахуал тұрақсыз. Оның үстіне еліміздегі салық реформасының ықпалы қалай болатынын болжау қиын. Ұлттық банктің ұстанымы бойынша, Ақша-кредит саясаты комитеті баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін базалық мөлшерлеме туралы кезектен тыс шешім қабылдауға құзыретті.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу