Алматы іргесіндегі Үлкен Алматы айналма жолына жұмсалған шығын қайта қаралуы мүмкін. Құрылысына 20 жыл уақыт кеткен автомагистральдің жайымен танысқан бір топ Сенат депутаты осыны жеткізді. Олар абоненттік төлем туралы жауаптылармен әңгімелесті. Депутат Әлібек Наутиевтің пікірінше, автомобиль торабын салуға жұмсалған қаражат шетелмен салыстырғанда бірнеше есеге қымбат. 770 миллион долларға бағаланған жоба құнының 80 пайызы үш банктен қарызға алынса, қалғанын инвестор құйған. Ұзындығы 66 шақырымдық ақылы жол екі жыл бұрын пайдалануға берілген. Сенат депутаттары Орталық Азиядағы желдету және климаттық техника шығарумен айналысатын зауытқа да барды. Кәсіпорын аймақты сапалы инженерлік жабдықтармен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Зауыт басшысы өндіріске қажетті шикізаттың 70%-ын Ресейден алып отырғанын айтты. Депутаттар бұл мәселелерді Парламенттік тыңдауда көтеріп, жауапты министрліктерге, Үкіметке ұсыныс жолданатынын жеткізді.
Әлібек Наутиев, Сенат депутаты:
Басқа мемлекеттерде 2-3 млн доллардың айналасында болатын болса, 11 млн долларға дейін шығып кетіп жатыр бағасы. Жолдың бағана айтқан құны жөнінде бірінші мәселе. Екінші мәселе, жолға төлеп жатқан қаражаттың көлемі инвесторлардың қаражатын салды, оған ақшаны төлеп отырғанда, қазір 40% шығынға жұмыс жасап отырғанын жөнінде.
Қуан Нұрақын
