Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспары бекітілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспары бекітілді

08.04.2025

Қазақстанда туристерге арналған мобильді қосымша әзірленеді. Ол жасанды интеллектің көмегімен жұмыс істейді. Премьер-Министр Олжас Бектенов жауаптыларға бірқатар маңызды міндет жүктеді. Еліміздің туризм саласын дамытуға бағытталған Үкімет отырысынан Самал Қабышева толығырақ.

Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспары бекітілді. Кешенді жоба 2029 жылға дейін жүзеге асырылады. Алдағы 4 жылда өңірдің туристік, көліктік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріледі. Биылдың өзінде Бурабайдың инфрақұрылымын дамытуға 3,5 млрд теңге бөлінді.

Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:

Басты 37 инженерлік және көліктік жобаларды жүзеге асырудың басымдығы айқындалды. Нәтижесінде 400 шақырым сумен жабдықтау, су бұру және жылумен жабдықтау жүйелері, 116 шақырым электр желілері және 80 шақырым автомобиль жолдары реконструкциядан өтіп, салынады.

Шаруаларға агротуризммен айналысуға рұқсат берілмек

Енді жері бар шаруаларға агротуризммен айналысуға рұқсат берілмек. Қазір елімізде 200 мыңнан астам шаруа қожалығы бар. Бұл мүмкіндік өңірдегі туризмнің дамуына оң серпін береді. Ауылдағы ағайынның нәпақа тауып, әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізеді.

TravelStan: Туристерге арналған мобильді қосымша әзірленеді

Қазақстанда туристерге арналған мобильді қосымша әзірленеді. Ол жасанды интеллектің көмегімен жұмыс істейді. TravelStan деп аталады. Ол жерде әуе билеттерінен бастап, такси шақыру, гид қызметі, туристік нысандар туралы толық ақпарат беріледі.

Еліміздің туризм саласын дамытуға бағытталған Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов жауаптыларға нақты тапсырма берді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Туризм және спорт министрлігіне мынадай тапсырма беремін. Бірінші, Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, үш ай мерзімде туризмнің бірыңғай цифрлық экожүйесін құру жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын бекітуі тиіс. Курорттық аймақтар мен табиғи парктердің бас жоспарларын цифрландыруға ерекше назар аудару қажет.

Қазақстанға келген туристердің қауіпсіздігі үшін E-Shagym жүйесі іске қосылады. Ол жерде такси жүргізушілеріне, қонақ үй қызметіне шағым қалдыруға болады. Қонақ үй қызметіне де реформа жүргізіледі. Яғни, оларға қойылатын талап жаңарады. Ал бұған дейін оларға қойылған критерийлер 2008 жылдан бері, 17 жыл бойы жаңартылмапты. Саланың дамымай тұрғанының бір себебі де осы.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу