Ұлттық валютамыз теңге долларға шаққанда әлсіреп жатыр. Оған АҚШ Президенті әкімшілігінің бірқатар саяси шешімі әсер еткен. Өзгерістер әсіресе дамушы және шикізатқа негізделген экономикалардың валютасын әлсіреткен. Ұлттық банк осындай хабарлама таратты. Ресей рублі 3,8%-ға, Бразилия реалы 3,5%-ға, Оңтүстік Африка ранды 7,3%-ға, Индонезия рупиясы 1,5%-ға, ал Мексика песосы 1,1%-ға арзандады.
Теңге кешеден бері 2,7 пайызға әлсіреп, 1 доллар 519,12 теңгеге теңесті. Бір аптада 2,9 пайызға арзандаған. Бас банк бағамның бұлай құбылуына шетел валютасына деген сұраныстың өсуі де әсер етті деп отыр. Әлемдік нарықта мұнай бағасы да арзандап жатыр. Бүгін бір баррелінің құны 65 долларға дейін түсті. Бұл соңғы 4 жылдағы ең төменгі көрсеткіш.
Оңғар Алпысбайұлы
